Ертең елімізде коронавирустан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланады, деп хабарлады Мемлекет басшысының кеңесшісі Ерлан Қарин.
"2020 жылдың 13 шілде – жалпыұлттық аза тұту күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 12:00 -де коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланады", – деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желіде.
Еске сала кетсек, Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 9 шілдедегі №116 өкімімен 2020 жылдың 13 шілдесі коронавирус пандемиясының құрбандарын аза тұту күні деп жарияланған болатын.
Осыған байланысты, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату операторлары қызметінің регламенті, ақпараттық интернет-ресурстарды, сондай-ақ Ұлттық аза тұту күні мемлекеттік органдардың ресми сайттарын ресімдеу бойынша ұсынымдар әзірледі.
Министрлік бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын, телерадио хабарларын тарату операторларын, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларын сол ұсынымдарды ұстануға, сондай-ақ Ұлттық аза тұту күні үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулерді сақтауға шақырады.