Елордадағы Манас көшесінде орналасқан №2 көпсалалы облыстық аурухана карантинге жабылды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Байланысқан адамдар карантинге жіберілді. Орынжайдың барлығына дезинфекция жасалды. Науқастарға келуге тыйым салынды",– деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, кеше 26 наурызда елімізде 64 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл Қазақстандағы аталған вирустан құрбан болудың алғашқы жағдайы.
Әйел адам ауруханаға 25 наурыз таңертең сағат 7-лерде жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша әйел медициналық мекемеге ауыр хәлде түскен.
Елордада ауруханадан бөлек сонымен қатар №1 автобус паркі де карантинге жабылды. Автопарктың барлық аумағына, автобустарға дезинфекция жүргізілді. Байланыста болған кісілер стационарға жіберілді.
Айта кетсек, 28 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында карантин режимі күшейтіледі. Халық көп жиналатын орындар – саябақтар, скверлер, жағалаулар, ойын алаңдары және т.б. жабылады.