2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен Ресей экономикасының өсу қарқыны 1,2%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Росстаттың дерегінше, Ресей экономикасының баяулауы бірінші тоқсанда да байқалған. Экономикалық даму министрлігі қаңтар-наурыз айларында өсім 1,4% болғанын, сәуір-маусымда 1,1%-ды құрағанын алға тартады. (2024 жылы Ресейдің ЖІӨ 4,3%-ға өскен еді).
Министрлік Ресей экономикасының "салқындауы" үздіксіз жалғасып келе жатқанын және бұған Ресей Банкі жүргізіп отырған қатаң ақша-несие саясаты әсер еткенін айтқан.
Әлбетте, экономика динамикасына Батыс санкцияларының ықпалы да бар. Олар ресейлік кәсіпорындардың технологиялық жабдыққа қол жеткізуін қиындатты және қолданыстағы өндірісті жаңғырту процесін тежеді. Әрі сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік байқалады. Ал сұраныстың төмендеуі кадр тапшылығына, ұсыныстың азаюына әкелген.
Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжау орталығы Ресей ЖІӨ өсімінің нөлге жуық қарқыны рецессияның жақындап қалғанын білдіретінін қатаң ескерткен. Сарапшылар 2026 жылы Ресей экономикасының өсімі "нөлге жуық" болуы мүмкін екенін жасырмайды.
Кеше жыл басынан бері Қазақстанның ЖІӨ өсімі қанша пайызға жеткенін жазған едік.