Қос азаматтықпен жүрген шенеуніктер анықталды

461

2022 жылы қос азаматтығы бар 841 факті анықталған.

Қос азаматтықпен жүрген шенеуніктер анықталды Фото: ашық дереккөзден

Өзге елдің азаматы бола тұра, Қазақстанда жоғары лауазымды қызметтерде отырғандар анықталды. Яғни, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер қос төлқұжатты төсіне салып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірген. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев айтты. 

Соңғы 2 жылда құқық қорғаушылар айласын асырып, екі  азаматтықпен жүрген 1300-дей адамды ұстаған. Билік болса осыған дейін ел тұрғындарында өзге елдің азаматтығы бар-жоғын анықтай алмады. Өйткені, өзге мемлекетпен ақпарат алмасу туралы келісім болуы керек. Әзірге, Қазақстанның 5 мемлекетпен ғана екі жақты келісімі бар. Бүгін Сенат Қытай Халық Республикасымен азаматтардың ақпаратын алмасу туралы келісімді ратификациялады. 

"Бұл келісім көші-қон саласындағы ақпарат алмасу тетігін құруға бағытталған, атап айтқанда, қос азаматтыққа қарсы күресте ынтымақтастықты арттырады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кездесіп тұрады. Мен Қытайды айтып отырған жоқпын. Қазір бұл жағдайды, жалпы айтып отырмын, министрлік ұсынған біздің деректерге сәйкес, 2022 жылы 841 қос азаматтық фактісі анықталған. Ал биыл қаңтар мен 1 қазан аралығында 525 қос азаматтығы бар адам анықталды. Өкінішке қарай, олардың арасында жергілікті  органдардың депутаттары да болған жағдайлар бар, бұл сұрақ туғызады", – деді ҚР Праламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Аталған заңға Президент қол қойғаннан кейін Қытаймен визасыз режим іске қосылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты. 

"Қытай тарапы қазір визасыз жүру басталса, жан-жақтан азаматтар ағыны көбейетінін түсінеді. Алдымен заңсыз көші-қонды бақылау үшін олар мемлекеттер арасында азаматтарға қатысты ақпарат алмасу туралы келісімге қол қоюды шарттардың бірі етіп қойды. Мемлекет басшысы қол қояды, кейін визасыз режим күшіне енеді", – деді ҚР ІІМ орынбасары Игорь Лепеха.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу