Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кулуарда ChatGPT-ды балаларға ғана емес, мұғалімдерге де үйрету керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"ChatGPT ғана емес, Gemini сияқты басқа да жүйелер бар. Егер оны біздің балаларымыз қолдана білмесе, біз өзіміз қолдана білмесек, онда біз қалып қоямыз. Біз ChatGPT-ді, жасанды интеллектіні қолдануымыз керек. Екіншіден, оны қолдануды үйретуіміз керек. Үшіншіден, тек балаларға ғана емес, мұғалімдерге де үйретуіміз керек. Төртіншіден, оны тану, академиялық адалдық принциптерін ұстану бойынша бізде өте қатаң талаптар болуы керек. Жалпы біздің қазақстандық жасанды интеллектті дамыту өте маңызды. Өйткені қазақ тілін, қазақтың құндылықтарын, біздің өмірімізді түсінетін арнайы модель болуы керек деп санаймыз. Сондықтан қазір арнайы заң жобасы дайындалды. Ол құжаттың бастамашыларының бірімін. Бұл заң жобасы керек деп есептеймін. Біздің балаларымыз жасанды интеллектті түсінуі керек, білуі керек, қолдануы керек деп санаймын", – деді мәжілісмен.
Оның сөзінше, ЖИ қолданғанда академиялық адалдық принциптерін ұстану маңызды.
"Оны қолданбау керек деп айтсақ, көштен қалып қоямыз. Егер біз алдыңғы қатарлы мемлекет боламыз десек, бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселе – мемлекеттер ЖИ-ді қолдана ала ма деген мәселе. Жасанды интеллектіні балалар үшін жауып тастау, көрсетпеу, бермеу деген мәселемен келіспеймін", – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Асхат Аймағамбетов оқушылардың сабақты ChatGPT-мен оқып жатыр деген мәселеге қатысты да пайымын айтты.
"Мысалы, мен өзімнің балаларыма қараймын. Бұл ата-аналарға да байланысты. Біз барлық мәселені тек қана мектептерге ысырып қойғымыз келеді. Ол дұрыс емес. Ата-аналардың рөлі қайда? Бұл жерде мектептердің берері – балаларды ЖИ-мен жұмыс істеп үйрету, академиялық принциптерді үйрету. Ал бірақ үйде бала қалай оны қолданады? Оны қолданып жатыр ма, жоқ па? Сондықтан ата-аналар бірге сабақ оқып, бірге көмектесуі керек. Осы мәселені бақылауы керек. Мен балалар үйде сабақ оқығанда жанында боламын, бірге жұмыс істейміз. Менің ойымша, жасанды интеллект – біздің бүгінгі күннің шындығы, одан біз қашып құтыла алмаймыз", – деді Асхат Аймағамбетов.
Мәжілісмен балалардың сыни тұрғыда ойлауы өте маңызды екенін жеткізді.
"Бізде қазір ақпараттық қоғам. Өкінішке қарай, біз барлық интернетті жауып тастай алмаймыз. Иә, смартфондар зиян, ChatGPT-дің, жасанды интеллектің артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Біз балаларға ЖИ-ді дұрыс қолдануды үйретуіміз керек. Сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуымыз керек. Ол ақпараттың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білуі керек. Академиялық адалдық принциптерін үйретуіміз керек" , – деді Аймағамбетов.
Айта кету керек, осыған дейін депутат Анас Баққожаев ChatGPT-ден қорқатынын айтқанын жазғанбыз. Ал Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мектеп оқушыларына ChatGPT секілді жасанды интеллекті қолдануға шектеу қоюды ұсынды.