Қостанай облысында тіркелмеген 270 қоқыс полигоны бар

979

Қостанай облысында тіркелмеген 270 қоқыс полигоны бар

Қостанай облысында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар орналасқан жер телімдерінің жалға алу мерзімі аяқталды. Бұл туралы облыстық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Виктор Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы, облыста шешімін таппаған экологиялық мәселелер аз емес. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кезекті аппарат жиналысында қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті.

 "Қостанайда әлі күнге дейін ағын суларды биологиялық тазартудан өткізетін бірде-бір станса жоқ. Ескі нысан 1966 жылы пайдалануға берілген. Оны жаңартатын уақыт жетті. Ол тек қана механикалық қоспаларды тазартуға қауқарлы. Оның өзі 20 %-дан аспайды. Ал, жаңа нысан салу үшін қомақты қаржы керек. Сол себепті, "Қостанай-Су" мекемесі су тазартудың баламалы тәсілдері енгізу мәселерін қарастырып жатыр", - дейді облыстық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің  басшысы Виктор Мұхамеджанов

Оның сөзінше, судың ластануына Тобыл өзені жағасында орналасқан бұрынғы жез-аммиак өндірісі зауытының әсері болған. Оның су сапасына қаншалықты әсер еткендігі зерттелді. Жақын арада нәтижесі анықталады.

Аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын жоқ. Қалдықтар қала сыртындағы полигондарға жөнелтіледі. Облыста мұндай полигондардың саны - 300. Соның 270-і тіркелмеген. Мұнымен жергілікті атқарушы билік айналысуға тиіс.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәселені бір жақты ету үшін аудан, қала басшыларына екі ай уақыт берді.

"Барлық экологиялық мәселелер тиісті мерзімде өз шешімін табуы қажет. Егер мәселені тез арада ретке келтірмесеңіздер, онда салалық министрлікке жүгінуге тура келеді", - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Қостанай облысы өнеркәсіп қалдықтарының көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Ал атмосфераға қалдықтың жайылуы жөнінен он екінші орында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу