16 қыркүйекте кешке "Торғай-Арқалық" тас жолының 17-ші шақырымында Жангелдин ауданына қарасты Торғай ауылының маңында Lexus пен ГАЗель автокөліктері соқтығысты. Салдарынан төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қостанай облыстық полиция департаменті төрт адамның өліміне әкеліп соққан аталған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Екі көлік те Арқалық қаласына қарай бағыт алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, 38 жастағы Lexus жүргізушісі алдындағыны басып озу кезінде рөлге ие бола алмай екінші көлікпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан Lexus көлігінің жүргізушісі және екі бала алған жарақаттарынан қаза тапты. Сол көлікте болған тағы бір жолаушы ауруханада жан тапсырды", - деп мәлімдеді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді ЖҚЕ талаптарын ескеруге, атап айтқанда жылдамдық режимі мен маневр жасау ережелерін сақтауға шақырады.