Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қанша айлық алатынын айтты.
"Еңбекақы туралы айтсақ, "Зенченко" ұжымдық серіктестігінде еңбекақы жоғары. Адамдар сонда жұмысқа тұруға талпынады. Өйткені тұтас кешен жолға қойылған. Ал жолдың ар жағындағы кейбір қожалықтарда дәл сондай жерде еңбектеніп жүрген тұрғындар 60-70 мың теңге алып отыр. Ондай ақшаға кім жұмыс істеуі мүмкін? Ешкім жұмыс істемейтіні түсінікті. Еңбекақы төмен болмауы үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілердің жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда күшейту керек. Сонда бізде көп нәрсе өзгерер еді. Мен ауылшаруашылық тауар өндірушілердің жауапкершілігін заң жүзінде арттыру үшін "егін ектің бе, мал ұстауға міндеттісің" деген талап қояр едім. Бүгінде ондай заң жоқ. Қазір әркім иелігіндегі жерді қалай игерсе де өзі біледі. Егер міндеттесек, қаншама адамды жұмыспен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етер едік. Осының арқасында айлық та өсер еді. Менің айлығыма келер болсақ, қолыма 766 мың теңге аламын", – деді облыс әкімі.