Күнбағыс шаруашылықтары банкрот болуы мүмкін: депутат экспорттық баждың күшін жоюды ұсынды

419

Бұл мәселені Мәжілістің бүгінгі Жалпы отырысында "Ауыл" партиясы фракциясының депутаты Серік Егізбаев көтерді деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.   

Күнбағыс шаруашылықтары банкрот болуы мүмкін: депутат экспорттық баждың күшін жоюды ұсынды Фото: foodbay.com

Ол күнбағыс тұқымына Үкімет енгізген баж салығына қатысты көптеген фермерлердің өтініштерін  жеткізді.

"Жалпы, күнбағыс өндірісі 2019-2023 жылдар аралығында 840 тоннадан 1,3 млн.тоннаға дейін, яки 55%-ға өскен. Осыған қарамастан, 2021 жылы Үкімет экспортқа квоталар енгізді. Оған қоса, 2023 жылдан бастап тұқымдарды әкетуге келісімшарт құнының 20%-ы мөлшерінде, бірақ тоннасына 100 евродан кем емес болатын экспорттық кедендік баж салығын салды. Ал Ресейден келетін тұқымдардың импорты болса жылына рекордтық 230 мың тоннаға жетіп отыр. 2022 жылдан бастап биылғы маусымға дейін тек май зауыттары өндіретін және экспорттайтын қабығы бар күнбағыс экспорты 4-тен 26%-ға дейін өскен екен. Ендеше, неге зауыттарға экспорттауға болады да, ал оны қаншама қиыншылықпен өсіретін фермерлерге экспорттауға болмайды. Үкіметтің іс-әрекетінде әділеттілік пен логика қайда?!", - деді ол Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында. 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың аяғында еліміздегі күнбағыс шемішкісінің жалпы қоры 322 мың тонна болыпты. Оның ішінде май зауыттарының қоймаларында 68 мың тоннадан көп шикізат жиналған. Бұл ішкі нарыққа күнбағыс майын өндіру және жеткізу үшін керек шикізаттың 2 айлық қоры. Ал былтырғы IV тоқсанда күнбағыс өңдеу көлемі айына орта есеппен 94 мың тоннаны құраған. Ал ішкі нарық қажеттілігі айына 38 мың тонна. Осы тұста назар аударатыны, өткен жылдан қалған қор мен импортты қосқанда жыл сайынғы жалпы ұсыныс шамамен 1 млн. тонна болады екен. Бұл сұраныстан 2 есе артық.

Депутаттың айтуынша, уәкілетті мемлекеттік органдардың ебедейсіз әрекеттері көктемгі егіс жұмыстары қарсаңында фермерлерді айналым қаражатының тапшылығына ұшыратып отыр. Көптеген шаруашылықтар банкроттық шегіне жеткен.  Мұндайды күнбағыс тұқымын экспортқа сату оларды бұл жағдайдан құтқармақ.

"Алдағы егіс науқанын уақтылы қаржыландырудың шұғыл қажеттілігін ескере отырып, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап күнбағыс экспортына экспорттық баждың күшін жою орынды деп санаймыз. Бұл шаруаларға Өзбекстан мен Қытайда сұранысқа ие өнімді әділ бағамен сатуға мүмкіндік береді. Ішкі және экспорттық баға арасындағы айырмашылық бүгінде тоннасына шамамен 60 мың теңгені құрайды және күнбағыстың 226 мың тоннадан астам көлеміндегі экспорттық әлеуетін ескере отырып, фермерлер 13 млрд.теңгеден астам сомада қосымша табыс ала алады", - деді Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу