"Күнделік" платформасы күні бойы жұмыс істеп тұрды – министр

1377

Жүйеде екі рет техникалық ақау болған.  

"Күнделік" платформасы күні бойы жұмыс істеп тұрды – министр

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов төтенше жағдай кезінде қашықтан білім берудің жаңа форматы жайлы сөз қозғап, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе – "Күнделік" ақпараттық жүйесінде болған кемшіліктерге де тоқталды.

"Әрине техникалық ақаулар болды. Оны жасыруға болмайды, тура айтуымыз керек. Жүйеде екі рет осындай ақау болғанын білеміз. Тиісті жұмыстар жүргізілді. Платформада 30 миллионнан астам сессия болғаннан кейін біраз мәселелер туындады. Дегенмен уақытында бұл мәселелер шешілді. "Күнделік" платформасы күні бойы жұмыс істеп тұрды, қазір де істеп тұр. Техникалық мамандардың жұмыстарын көріп отырмыз, тиісті министрлік, біздің мамандар, интернет провайдерлер және т.б. мамандар өте ауқымды әрі өте маңызды жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде 2,5 млн бала интернет арқылы білім алып отыр. Техникалық ақауларға қарамастан, осы платформа арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Күні-түні жақсы жұмыс істеген әріптестерімізге министрлік және өз атымнан алғысымды айтамын", – деді Асхат Аймағамбетов.

БҒМ министрі "Күнделік" платформасына үй жұмысын сағат 15:00-ге дейін жүктеу керек" деген мәселеге қатысты пікірін білдірді.

"Жүйе істеп тұр. Екі рет ақау болғанын айттық. Ал оқушы немесе мұғалім "Күнделік" жүйесінде "қандай-да бір мәліметті дәл бүгін немесе сағат 15:00-ге дейін толтыруы керек" деген талап жоқ. Балаларға да, ата-аналарға да ондай талап қойылмауы тиіс", – деп атап айтты министр.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу