Фермерлерге 3 млрд-қа жуық сақтандыру төлемі жасалды

702

Биыл фермерлер 37 мың гектар жерді сақтандырған

Фермерлерге 3 млрд-қа жуық сақтандыру төлемі жасалды Фото: inbusiness.kz

Құрғақшылыққа байланысты елдегі шаруаларға 3 млрд теңгеге жуық сақтандыру төлемдері жасалды. Бұл ретте егінді сақтандыру тіптен тиімді болды. Өйткені, мемлекет сақтандырудың 80 пайызын субсидиялайды. Ал, фермер болса 20 процентін ғана төлейді. 

Павлодар облысындағы "Пшеничникова" шаруа қожалығының егін салғанына ширек ғасыр өтсе де дәнді дақылдарды биыл ғана сақтандырған. Шаруа сақтандырылған егістіктің 30%-ы үшін 13 млн теңге алған. Шаруашылық өкілі Айжан Кәркенова, мың гектар үшін бір млн теңге төлеген. Ал, қалған үш млн-ды мемлекет берген. 

"Келесі жылы 100 пайыз сақтандыру жасаймын. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Агронесие ұйымының арқасында жүзеге асырылып жатқан ауқымды іс-шара", – дейді шаруашылық өкілі Айжан Кәркенова.  

Бүгінде көптеген фермерлер дәнді-дақылды артық ылғалдан сақтандыру жүйесін пайдаланбағанына өкінеді. Өйткені, жаздағы құрғақшылықтан аман қалған аз ғана астық енді егін жинау науқанында жаңбырдан көз ашпай, рәсуа болды. Аграрлық несие корпорациясы топырақтың жай-күйі жайлы деректердің барлығын ғарыштық мониторинг аясында жасалған суреттерден алады. Биыл топырақтағы ылғал тапшылығының көрсеткіштеріне байланысты 111 келісімшарт арқылы 236 мың гектар егістік сақтандырылған.

"Бүгінде біз астық егетін өңірлерге топырақтағы артық ылғалдан және топырақтағы ылғал тапшылығынан индекстік сақтандыруды ұсынамыз. Егіс нәтижелері бойынша фермерлер топырақтағы ылғал тапшылығына байланысты 2,9 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін алды", – дейді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның өкілі Айгүл Дүйсембаева.

Қазір топырақтағы артық ылғалдан сақтандыру мерзімі аяқталып қалды. Биыл фермерлер 37 мың гектар жерді сақтандырған. Әлі де сақтандыру  шарттарында ең жоғары сомадағы төлемдер болуы мүмкін. Ерікті сақтандыру тек егіншілікті ғана емес сонымен қатар мал шаруашылығын да қамтиды.

"Мал шаруашылығы ірі қара мен ұсақ малды, жылқыны сақтандыруды көздейді. Биыл біз шошқа мен құс шаруашылығын да бекіттік. Бізде 10 және одан жоғары градация бар. Әр градацияда пайыздық мөлшерлемелер қарастырылған", – дейді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның өкілі Айгүл Дүйсембаева. 

Айта кетсек, бұрын мал жылжымалы мүлік ретінде сақтандырылған. Ал, иелері жарақат алған апаттар немесе жазатайым оқиғалар болған жағдайда ғана төлемдер алатын. Енді малды аурудан да сақтандыруға болады. Шарттарды жасасудың барлық процесі Agroinsurance ақпараттық сервисіндегі Kezekte.kz платформасында жүргізіледі. Өтінім беру өте қарапайым әрі жылдам. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу