Құрғақшылықтан зардап шеккен павлодарлық дихандар президентке хат жолдады

887

Биыл жаздағы аптап ыстықта павлодарлық дихандардың елуден сексен пайызға дейін егіндері күйіп кеткен.

Құрғақшылықтан зардап шеккен павлодарлық дихандар президентке хат жолдады

Биылғы қуаңшылықта егіні күйіп кеткен керекулік дихандар көмек сұрап Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Екі жүзден аса кәсіпкер, құғақшылыққа байланысты өңірде төтенше жағдай жариялатпай отырған жергілікті билікке өкпелі. Ешқандай қаржылай қолдау немесе басқа да көмек көрмедік дейді. Ендігі бар үміттері Президентте.

233 шаруашылықтың мөрі басылған сала құлаш хаттың қысқаша мазмұны мынадай. Биыл жаздағы аптап ыстықта павлодарлық дихандардың елуден сексен пайызға дейін егіндері күйіп кеткен. Жұмысшылардың жалақысы мен несиелерін жабатын қаражатсыз қалды. Бағасы төмендетілген жанар жағармай да алмаған. Қаржылай қолдауға құжаттарын тапсырғанымен оның қолға қашан тиетіні әзірге белгісіз.

"Төтенше жағдай бізге керек. Одан басқа бізде өзімізде алып жатқан техника бар, тағы одан басқа кредиттер бар. Оның бәрін жабатын бізде қазір мұршамыз жоқ. Сондықтан, төтенше жағдай керек", - дейді фермер Сейтенәлі Абзалов.

"Жергілікті билік бізге ешқандай көмек көрсетпей отыр. Бізден бас алып қашады. Бізді тыңдағысы келмейді. Жоғарыға бәрі жақсы деп жалған мәліметтер береді. Сондықтан да біздің мәселеміз Президентке жетсе дейміз", - деді фермер Иван Богомолов. 

Егіні күйіп кеткен дихандардың қалған алқаптардан алар өнімдері де арзымайды. Ары кетсе гектарына 4-5 центнерден ғана шығым болатынын айтады. Қазір бидайдың тоннасы 75 мың теңге ғана. Оның өзінде диірмендер Ресейдің арзан астығына жүгіреді. Яғни, шығынға белшеден батып банкрот болуға айналдық, дейді жер емген жұрт. Жауапты мекеме зардап шеккендердің тізімін түзіп, Астанаға жолдапты.

"Қазіргі таңда біз зардап шеккен шаруашылықтардың тізімін пысықтадық дайындап. Министрлікке жолдадық. Осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ауыл шаруашылық бағытындағы қаржы институттарының басшыларымен де жұмыс істеп жатырмыз", - деді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев.

Несиені дер кезінде қайтармаса кепілге қойған дүние мүліктерін тартып алуға банктер алақан ысқылап дайын отыр. Ал, кредит төлеу уақытын кейінге қалдыру үшін Үкімет төтенше жағдай жариялау керек екен. Аймақта техногендік төтенше жағдай жарияланбаса қаншама шағын шаруашылықтар құрдымға кетуі бек мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу