Құрмет Талапқазыға халық 19 млн жинап, үй алып берді

4090

Құрмет Алтайдың ар жағындағы әке-шешесі мен бауырларын елге көшіріп алып келмек.

Құрмет Талапқазыға халық 19 млн жинап, үй алып берді

Қуаңшылық кезінде құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге шөп жеткізген Құрмет Талапқазыға жаңа үй берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шымкенттегі Солтүстік саяжай мөлтек ауданында орналасқан үйде барлық жағдай жасалған. Табиғи газ қосылып, ауыз су жүйесі тартылған. Қоғамдық көлік те үйдің дәл іргесінен жүріп жатыр.

"Құрмет Талапқазы "Құрмет" грамотасына лайық еді" деген әлеуметтік желіде пікір көбейіп кетті. Көпшілік "Халық болып баспана сыйлайық" деген ойларды да айтты. Тіпті ол пікірлерге мені белгілеп жазып жатты. Сондықтан тәуекел етіп бастап кеттік. Екі күнде 9 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Белгілі мецанат Дулат Тастекеев "қанша жинайсыңдар сонша қаражат қосып беремін" деген уәдесі бар еді. Жалпы 19 млн-дай қаражатқа үй алдық", – деді журналист Мақсат Толықбай.

Бүгін Құрмет жаңа үйінде құрбандық шалып, құран оқытты. Жаңа жылдан кейін Шымкенттегі оқуында тегін жалғастырады. Ендігі мақсаты – Алтайдың ар жағындағы әке-шешесі мен бауырларын елге көшіріп алып келу.

"Халыққа рақыметімді айтамын. Жиналған ақшаны қайырымдылыққа жұмсамақшы едім, қаражатты қолыма бермей, үй алып берді. Игі іске ұйытқы болған Мақсат Толықбай, Дулат Тастекеев ағама және барша халыққа рақыметімді айтамын. Алдағы уақытта отбасымды алып келіп, мал шаруашылығымен және саудамен айналыссам деген ойым бар", – дейді Құрмет.

Еске салсақ, Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы еліміздің батысындағы қуаңшылыққа тап болған малды ауылдарға жем-шөп жіберу үшін бүкіл жұмысын тастап, қоғамдық бастамаға мұрындық болған еді.

Кейін оның бастамасына Ауыл шаруашылығы министрлігі құлақ асып, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын көмекке тартқан болатын. Сондай-ақ оған Шымкенттегі университетте тегін оқу мүмкіндігі берілді. Ауыл шаруашылығы министрі грамота табыстады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу