Құрмет Талапқазы: Жетім құлынның жасын құрғата алмасақ, несіне қазақ болып жүрміз

6259

Құрметтің бастамасына Ауыл шаруашылығы министрлігі ақыры құлақ асқан сияқты.

 Құрмет Талапқазы: Жетім құлынның жасын құрғата алмасақ, несіне қазақ болып жүрміз

Оңтүстіктегі ағайынның Маңғыстаудағы малды ауылдарға деп жинаған 10 вагоннан астам шөбі теміржол стансасында қаңтарылып тұр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Маңғыстаудағы малы қырылған ағайынға асарлатып көмек жинап жүрген Құрмет Талапқазыны білмейтін адам кемде-кем шығар қазір. Жазып жатқан дипломдық жұмысын ысырып қойып, жұтаған елге көмекке ұмтылған әрекеті басында миы, жүрегінде оты бар қазақтың бәрін сүйсінтті. Жуықта әлеуметтік желіде сол Құрметтің бір әсерлі үндеуі тарады. Енесі жұттан өлген жетім құлынды құшақтап отырып, қазақстандықтарға қайырыла сөйлепті.

"Жылқы баласынан жамандық көрген жеріміз жоқ еді. Жануарларға жақсы қарауымыз керек. Жылқы мінезді халықпыз дейміз ғой. Мінсек көлік, ішсек сусын, жесек ас болған жануарлардың көз жасын құрғата алмасақ, несіне қазақ болып жүрміз",– деп аяқтайды сөзін.

Рас, Маңғыстаудың малды ауылдары қазір жетім құлынның күйін кешіп отыр. Мал жетімсіресе, жарасы жеңіл – маңырайды да отығады. Ал адам жетімсіресе, жасы жерден ауыр – түңіледі де өшігеді. Құрметтің бастамасын дереу қолдап-қуаттап әкетуге тиіс жауапты органдардың түк естімегендей, көрмегендей болып, тым-тырыс жатуы ойлантады. Өздерінің қолынан келмеген соң, қаршадай жігіттің тау қопарар талпынысын мойындағысы келмейді деп айтуға ауыз тағы бармайды. Өйткені Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге, облыс бюджетінен 200 млрд теңге бөлінген болатын. Маңғыстаулықтарға хабарласып, сол көмектің қалай үлестіріліп жатқанын сұраған болатынбыз.

Есім-сойын айтпауымызды сұраған отағасы көмек құжатқа құнтты немесе тамыр-танысы барлардан артылмай жатыр деген наз айтты. Бейқам халық қабын арқалап комбинатқа барса, ондағылар малдың басын растайтын құжат талап ететін көрінеді. Бюджет ақшасына алынған дүниенің сұрауы қатты болатынын малы жұтап, көңілі жүдеген жұртқа түсіндіру де оңай емес. Осылайша кейбірінің қолында құжат болса, жем алатын ақшасы болмай, енді бірінің ақшасы бар, құжаты болмай арадағы пысықай делдалдарға кіріптар күй кешіп отыр.

"Мелькомбинатқа барсаңыз, сары таңнан қара кешке дейін кезек сейілмейді. Саудагерлер ебін тауып дайын ақшаға түскен жемді тоннасымен қағып әкетіп тұр. Онысын кейін бізге үстіне баға қосып сатады. Ең қорқыныштысы, қазір халықтың көңілі малдан қалды. Көбі көрмегенім мал болсын деп отыр. Ал біз сияқтылардың малдан басқа кәсібі де жоқ. Сонда біз қайтеміз",– деді маңғыстаулық шаруа.

Құрметтің бір ұтқаны елге жем-шөп үлестіретін адамды халықтың өз ішінен іріктегені шығар. Соның арқасында әупіріммен жеткен 10 вагон шөп ың-шыңсыз шын мұқтаж үйлерге таратылған. Осы қарқынмен үш күн сайын 5 вагон шөп жөнелтіліп тұруы керек болған. Бастамашыл жігіттердің бұлай батыл жоспар құруына "Қазақстан Темір Жолының" Сарыағаш стансасына жауапты басшылар берген уәде түрткі болыпты. Алғашқы бес вагонның әрқайсысына 395 мың теңгеден ақы алып, қалған вагондардың бәрі тегін болатынын айтып қуантқан екен.

Қарапайым азаматтардың мемлекетке жалынбай-ақ, іс тындыра бастағаны біреулердің шабына шоқ түсірді ме екен, әйтеуір теміржол тасымалдаушылары о бастағы пейілдерінен айып қалған. Енді "Жігіттер біздің айтқанымызды дұрыс түсінбеген. Біз 5 вагон шөпті бір-ақ рет тегін жеткізіп бере алатынымызды айтқанбыз" деп ақталып отыр.

Маңғыстау халқының мәрт пейілін жақсы білетін Арыс қаласы мен Мақтарал ауданының халқы Құрметтің серіктеріне хабарласып, 10 вагон шөп әр жерде дайын тұрғанын айтқан көрінеді. Тасымалдаушылар уәдесінен тайқымай тұрған сәт, Мұратбек Солтанбай есімді белсенді бастаған бірнеше адам алып-ұшып Арысқа келеді. Жиналған мал азығын Маңғыстауға жөнелту мәселесін ақылдаспақ болып, Арыс қаласының әкіміне кірсе, ол елдің жинап берген шөбіне таласа кеткен.

"Қаланың әкімі  бұл жұмысқа сендер қатты араласпаңдар. Біздің өз еріктілеріміз бар, басқа да  мамандарымыз бар. Осы жердегі халықтың берейін деген шөбін бір жерге өзіміз жинап, нақты санын шығарамыз. Өзімізде де шөп тапшылығы бар. Қатты көп болып жатса, жартысын осындағы мұқтаждарға береміз. Содан асқанын ғана өз атымыздан Маңғыстауға жібереміз деп ескертті. Мен ол сөзімен келіспедім.

"Бүгінге дейін бұл маңда қанша шөп бар екенін, мұқтаж жандарға қанша жөп жетіспейтінін неге анықтамадыңыз" деп сұрақ қойдым. Сауалыма жауап берудің орнына шамданып, "Менің жұмысымды үйретпей-ақ қой" деп сөйлеп тастады.  Бірақ бізге шөбін әкелген азаматтар әкімдіктің айтқанына көнбей, шөпті Сарыағашқа апарып берді",– дейді Мұратбек Солтанбай.

Құрмет Талапқазы алғашқы 10 вагон шөпті Маңғыстау облысының бірнеше ауданына таратып, бүгін қайта Сарыағашқа жолға шықты. Ондағы стансада 5 вагон шөп тиеулі тұр. Тағы 5 вагоннан астам шөп шабындық басында үюлі тұр.

Бүгінге дейін Маңғыстауға шөп көмек шинап жатқан жігіттердің жағдайы осындай болатын. Телеарналардың бәрі көрсетіп, сайттардың бәрі жазғаннан кейін бе, Ауыл шаруашылығы министрлігі бастамашылардың үніне құлақ асқан сияқты.   

Мұртабек Солтанбайдың айтуынша таңертең Түркістан облысының ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары байланысқа шыққан.

"Айтуынша астанадан тапсырма түсіпті. Ертең "Қазақстан темір жол" компаниясының вице-президенті бізбен жолықпақшы екен. Барлық мәселе сол кезде шешіледі деп уәде беріп отыр. Ауыл шаруашлығы министрлігі тарапынан өңір-өңірлерге шөп тасымалдау ұйымдастырылатын түрі бар. Алла бұйырса ісіміз оңға басып жатыр",– деді талдықорғандық белсенді.

Игіліктің ерте-кеші жоқ дегендей, Түркістан облысының әкімдігі сөзінде тұрса, басқа өңірлерге де үлгі болатындай іс тындырғалы тұр.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу