Кувейт елімізде бидай өңдейтін жобаны қолға алуға ниетті

514

Кувейт қоры мен бизнесі бұл мәселеде қызығушылық танытып отыр.

Кувейт елімізде бидай өңдейтін жобаны қолға алуға ниетті Фото: pixabay.com

Бұл туралы "Атамекен" ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов АӨСШК Іскерлік кеңесінің кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Кувейт бойынша бірқатар ірі жоба бар. Оларды Кувейт қоры мен бизнесі қарастырып жатыр. Бұл бидайды өңдеумен байланысты жобалар. Кувейт қоры шамамен 1,5-2 млрд доллар инвестициямен байланысты жобаны қарастыруда. Алғашқы қадам жасалды. Ақмола облысында жер бөлінді. Әзірге бизнестің өзі бұл жобаларды, олардың іске асырылып жатқанын  айтпауды сұрап отыр. Себебі, коммерциялық құпиямен, техникалық ерекшеліктермен байланысты көптеген сұрақ бар", - деді ол.

Бұдан бөлек, спикер жаңартылатын энергия көздері, жасыл экономика бойынша да қызықты жобалар бар екенін баса айтты.

"Бүгінгі таңда, АӨСШК Іскерлік кеңесі мен бизнес форумы аясында жаңартылатын энергия көздерімен байланысты 4 жобаны локализациялауды қарастырып жатырмыз. Күн энергетикасы бойынша жобалар бөлек жан-жақты қаралуда. Инвестиция көлемі әртүрлі екенін атап өту керек. Мәселен, жаңартылатын энергия көздері бойынша инвестициялар – әр өндіріс жобалары бойынша 20 млн доллардан кем емес. Бұл жобалар Қазақстанға қызық деген ойдамын", - деді "Атамекен" ҰКП президиумының төрағасы.

Айта кету керек, осыған дейін Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің қатысуымен Іскерлік кеңес пен бизнес форумы өтіп жатқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу