Күзет агенттігінен мылтық ұрлап кетті

936

Полицейлерге күдіктілерді ұстау үшін бір апта уақыт қажет болды. 

Күзет агенттігінен мылтық ұрлап кетті

Түркістан қаласында орналасқан күзет агенттігінің ғимаратына 10 тамыз күні түнгі уақытта белгісіз біреулер ұрлыққа түскен. Сейфті ашқан олар "Сайга" аңшылық мылтығы мен бірнеше оқты, сонымен қатар ғимарат ішіндегі көрші кеңседен екі ноутбукты қолды еткен. 

Полицейлер көшедегі бейнебақылау камерасы арқылы ұрлыққа түскендер екі ер азамат екенін анықтады. 

"Бейнекамералардың бірінен түнгі уақытта сөмкелеріне ауыр зат салып алып жүрген екі адам   байқалды. Алынған ақпараттың арқасында криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жалғастырып, бір апта ішінде ұрылардың ізіне түсіп, ұстады. Күдіктілер Отырар ауданының тұрғындары, жас жігіттер болып шықты. Олар ұрланған қаруды танысына сатып, ноутбуктарды Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізген. Ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Аталған  оқиға бойынша  ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі "Ұрлық" және 287-бабы 1-бөлігі "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" баптарымен іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде",– деді Түркістан қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Мұхтар Сейділдаев. 

Айта кетейік, ұсталған екі жас жігіт кінәларын толықтай мойындаған. 

Жансая Тәуекелқызы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу