Қырғыз басшысы қазақ инвесторларын қорғауға уәде етті

1076

Садыр Жапаров енді инвесторлар мемлекеттің қорғауында болатынын айтты.  

Қырғыз басшысы қазақ инвесторларын қорғауға уәде етті

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров инвесторлардың мүддесін қорғау үшін ұлттық агенттікті қайта құратынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, алдағы уақытта елдегі инвесторлардың мүддесін қорғайтын агенттік тікелей президентке бағынады.

"Билікке келгеннен кейін біз барлық инвесторды қорғауға ала бастадық. Енді қорғауды толыққанды жүзеге асырамыз. Еліміз Президенттік басқару формасын таңдады, білесіздер. Жаңа Конституция қабылданады. Кейін жаңа заңдар жазылады, жаңа Парламент сайланады. Бүгінде Үкіметтің жанында инвесторларды тарту және олардың мүдделерін қорғау жөніндегі агенттік бар. Қазір бұл агенттік Үкіметке қарайды. Ал жаңа Ата заң қабылданғаннан кейін бұл агенттіктің деңгейін көтеріп, оны президентке тікелей бағынатын ұлттық агенттікке айналдырамыз. Барлық инвестор сол агенттікпен тікелей жұмыс істейді", - деді Садыр Жапаров.

Қырғыз басшысы қандай да бір мемлекеттік орган инвесторларға қысым жасаса, олардың мүддесін ұлттық агенттік қорғайтынын атап өтті.

"Бұл мәселе менің жеке құзыретімде болады. Инвесторлар мемлекетпен 20-30 жылға келісім жасайды. Ертең не арғы күні билік алмасып кетсе де инвесторлар жұмысына кепілдік болуы керек. Өйткені, мемлекет өзінің ұстанымынан таймауы тиіс. Инвесторлармен ұзақмерзімді келісімшарт жасасқаннан кейін, олардың сол мерзімі аяқталғанға дейінгі мүддесін мемлекет қорғауы керек", - деді президент.

Садыр Жапаров осыған дейін елдегі инвесторлардың құқы бұзылғанын ашық мойындап, енді ондай келеңсіздік болмайды деп сөз берді.

"Бүгінде Таласта, Ала-Бұқа шатқалында, жалпы Қырғызстан аумағында қазақ инвесторлары жұмыс істеп жатыр. Осыған дейін инвесторларды қинау, мүліктерін алып қою, қандай да бір іс қозғау сынды жайттар болған. Оны жасырмаймыз. Енді осындай келеңсіздіктер болмауы үшін осындай ұлттық агенттік құруды ниет етіп отырмын. Алдағы уақытта қазақ инвесторларын ғана емес, барлық дүниежүзінен келген инвесторларды президенттің өзі ұлттық агенттік арқылы қорғауға алады", - деді ол.

Айта кетсек, Қырғызстан президенті бүгін-ертең Қазақстанға мемлекеттік сапармен келмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу