Қырғыз депутаты Зиядин Жамалдинов Қазақстан Ұлттық банкінен алтын құймалар сатып алынуына қарсылық танытты. 5 қаңтар күні Жогорку Кенештегі бюджет және қаржы комитетінің отырысында осындай пікір білдірді. Бұл туралы Вечерний Бишкек жазды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Депутат атап өткендей, Қазақстаннан алтын сатып алу - көрші мемлекеттің кәсіпкерлеріне қолдау білдіру. Қырғызстан Ұлттық банкінің басшысы Толкунбек Абдыгулов оған жауап ретінде Қазақстанда 1, 2, 5, 10 және 31 граммдық алтын құймалар дайындалатындығын және Қырғызстанда ондай алтынның жоқтығын айтты.
"Республикамызда алтын құймалар дайындауға тек "Кыргызалтынның" лицензиясы бар. Алайда, олар тек 100-граммдық құймаларды жасайды, бірақ біз салмағы аз алтын құймалар туралы келіссөздер жүргізудеміз", – деп қосты ол.
Сондай-ақ ол, Қазақстаннан сатып алынатын алтын құймалардың салмағы 15 келіні құрайтындығын атап өтті.