Қырғызстан мектептерінде зорлық-зомбылық фактілері 70%-ға дейін жетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Кабар-ға сілтеме жасап.
Оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар арасында жүргізілген фокус-топтар мен жеке сұхбаттар бірқатар өзекті мәселені ашып көрсетті.
Зерттеу деректеріне сәйкес, түрлі формадағы зорлық-зомбылық зерттеу жүргізілген мектептердің барлығында дерлік кездеседі. Оқушылардың 40%-дан 70%-ына дейінгі бөлігі буллингтің әртүрлі түріне тап болған. Ең жоғары көрсеткіш 7–9-сыныптар арасында байқалады.
Сарапшылар гендерлік айырмашылыққа да назар аударды:
ұлдар көбіне физикалық жанжалдарға қатысса, қыздар психологиялық қысымға, яғни сыртқы келбетіне, әлеуметтік мәртебесіне байланысты мазақтауға жиі ұшырайды.
Зерттеу мектептердегі зорлықтың үш негізгі түрін анықтады:
- психологиялық — қорлау, оқшаулау, бойкот, мазақ;
- физикалық — төбелес, күш көрсету, қоқан-лоқы;
- кибербуллинг — әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қысым жасау.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары физикалық агрессия азайып, оның орнына психологиялық және онлайн-травля жиілеп келеді.
– Кибербуллинг ең өзекті қауіптердің бірі болып отыр. Педагогтар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығы төмен болып отыр, интернеттегі қауіптерге қарсы тұру тетіктері де дамымаған, – делінген зерттеу материалында.
Балалардың көп жағдайда көмекке жүгінбеу себептері де аталды: әшкереленуден қорқу, құпиялылыққа сенімсіздік, қайта буллингке ұшырау қаупі. Мектеп әкімшіліктерінің кейбірі оқу орнының беделін сақтау мақсатында мәселенің ауқымын төмендетіп көрсетуге бейім екені атап өтілген.
Зерттеу әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ықпалына да тоқталады. Ата-аналардың шетелге кетуі, отбасылық қиындықтар балалардың агрессияға тартылуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Сонымен қатар мектеп пен отбасы арасындағы байланыстың әлсіреуі де жағдайды күрделендіреді.
Діни фактордың екіжақты рөлі көрсетілген: кейбір жағдайларда қысым байқалса, басқа мысалдарда имамдардың түсіндіру жұмыстары балаларға оң ықпал ететіні айтылады.
Бүкіл ел бойынша мектеп психологтарының жетіспеушілігі өткір проблема болып отыр. Мұғалімдер мен әлеуметтік педагогтар шамадан тыс есеп тапсырады, бұл олардың балалармен терең жұмыс жүргізуіне кедергі келтіреді.
Мәселені шешу үшін психолог қызметтерін күшейту, ата-аналар мен мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру, профилактикалық бағдарламаларды кеңейту және мектеп пен отбасының байланысын нығайту бойынша ұсыныстар әзірленді.