Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы "Кең-булуң" бақылау-өткізу бекетінде Қазақстанға 3,3 келілік алтынды заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды.
Бұл туралы Қырғызстанның мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Комитет мәліметінше, 17 қыркүйек күні "Кен-Булун" бақылау бекетінде Қазақстанға бет алған Lexus 470 маркілі көлігі тоқтатылып, көлікті тексеру барысында арнайы орнатылған жасырын орын анықталған. Ол жерден салмағы 3,3 келі болатын Қырғызстаннан шығаруға рұқсат құжаттары жоқ алтын құймалары табылды.
"Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары аясында республикалық бюджетке келтірілген шығын көлемін есептеу, сондай-ақ, құрамында алтыны бар металдарды заңсыз алып өтуге қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау жұмыстары ұйымдастырылуда", – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері алтын құймаларының жалпы бағасын шамамен 30 миллион сомға бағалап отыр. Бұл шамамен 170 млн теңгені құрайды.