"Қыруар қаржы далаға кетіп жатқан жоқ па": Депутат допингке қарсы зертхана мәселесін көтерді

208

Мекеме WADA-ның "аккредиттелген зертхана" мәртебесінен айырылып қалған.

"Қыруар қаржы далаға кетіп жатқан жоқ па": Депутат допингке қарсы зертхана мәселесін көтерді Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елдегі допингке қарсы зертханаға қаражат жұмсаудың тиімділігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біздің елімізде спортшылардың допингке қарсы зертханасы бар. Оған 2025 жылы 480,8 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Дейтұрғанмен, допингке қарсы зертхана ашқан кезде оған WADA-ның аккредитациясы керек екенін білеміз. Еліміздегі зертханада WADA-ның аккредитациясы болған. Бірақ 2017 жылдың 30 маусымында WADA-ның "аккредиттелген зертхана" мәртебесінен айырылып қалған. Соған қарамастан осы аккредитацияны қайтадан аламыз деп 2017 жылдың соңында Ұлттық олимпиада комитеті мен Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры біздің еліміздегі зертханаға 1,3 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алады. Бірақ WADA-ның аккредитациясын қайтару мүмкін болмайды. Соңғы бес жыл ішінде бюджеттен еліміздегі зертхананы ұстауға 1,8 млрд теңге қаражат бөлінеді",  – деді ол.

Депутат аккредитация сол күйі қайтарылмағанына баса назар аударды.

"Соған қарамастан 2025 жылы министрлік аталған зертханаға 480,8 млн теңге, 2026 жылы – 483,9 млн теңге, 2027 жылы 483,9 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. WADA-ның аккредитациясын 7 жыл бойы қайтару мүмкін болмаса, онда біздің еліміздегі зертханаға бюджет қаржысын бөлуді тоқтату керек шығар. WADA-ның аккредиттелген зертхана мәртебесін қайтару мүмкіндігі бар ма, жоқ па? Өйткені алдағы үш жылда 1,5 млрд теңге береміз, соңғы 5 жылда 1,8 млрд теңге бердік. Құрал-жабдыққа 1,3 млрд теңге бердік, қыруар қаржы далаға кетіп жатқан жоқ па деген сұрақ бар", – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзінше, аталған зертхана жұмыс істеп тұр. 

"Соңғы жылдары расында да аккредитацияны тартып алды. Біз WADA-мен бекітілген жол картасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алматының қақ ортасында оған жаңа ғимарат жалға алынды. Себебі олар 15 жылдай ескі ғимаратта отырғаннан кейін, WADA-ның өзінің кедергілері болған. Өзіңіз айтып кеткендей, Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп осы ғимаратқа жаңадан құрал-жабдықтарды сатып алдық. Неміс аккредитациялық орталығының оң шешімін алдық, лицензия берілді. Сіз айтып кеткен қаражат өте керек. Жалпы ол жерде 22 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі ғылыми қызметкерлер. Орташа жалақысы – 300 мың теңгедей. Қазіргі уақытта олар ғылыми зерттеулер жасап жатыр. 2025 жылы WADA-ның бекітілген жол картасы бойынша аккредитацияны қайтару бойынша жоспар бар",  – деді ведомство өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу