Америкалық биліктің ойынша, Қытай осы автономиялық аймақтағы өзге ұлт өкілдерінің құқығын, нақтырақ айтқанда, адам құқығын бұзып жатыр. Ресми Бейжің болса, Ақ үйдің бұл шешіміне өзінің наразы екенін білдірді.
Енді заң жобасы заңға айналу үшін оны сенат қабылдап, президент Дональд Трамп қол қоюы керек. Сонымен қатар құжат бойынша, Шыңжаңдағы адам құқығын өрескел бұзған қытайлық шенеуніктерге санкция жариялау қарастырылған.
Айта кету керек, бұған дейін Вашингтон Гонконгтағы демократия және адам құқығын қорғау туралы заңды қабылдаған еді. Кей сарапшылардың пікірінше, осы заңдардың кесірінен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері іркіліп қалуы әбден мүмкін, тіпті тараптар арасындағы шиеленіс өршіп кетеді деген қауіп те бар.
АҚШ Қытай билігін ұйғырлар, қазақтар және ислам дінін ұстанатын басқа да халықтар тұрып жатқан Шыңжаң автономиялық ауданында адам құқығын таптап жатқаны үшін үнемі сынға алып келеді. Ал Бейжің болса, олардың "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" орналастырылуы шындыққа жанаспайтын дүние екенін бірнеше рет мәлімдеді.
Табиғат Нұрболат