Қытай лагерьлеріне қатысты сұраққа жауап берді

1387

Шыңжаңдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде этникалық қазақ жоқ.

Қытай лагерьлеріне қатысты сұраққа жауап берді Фото: ria.ru

Қазақстанға ресми сапармен келген Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров inbusiness.kz порталының Шыңжаңдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне қатысты сұрағына пікір білдірді. 

Ресей Федерациясы сыртқы істер ведомствасы басшысының сөзінше, Қытайдың оқыту лагерьлері мен осы елдің саясатын қаралайтын ақпарат шетелден таратылады. 
"Біздің ұстанымымызды бәрі жақсы біледі. Біз оны БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің отырыстарында бірнеше рет жариялағанбыз. 

Осы кеңесте әлемнің әр мемлекетіне қатысты шолу жасалады. Қытай сіз қозғап отырған мәселеге қатысты түсініктеме берген. Бізде Біріккен ұлттар ұйымы аясындағы процедуралардан басқа шара жоқ", – деді Сергей Лавров
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 4 қазан күні Шыңжаңдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде этникалық қазақ жоқ екенін мәлімдеп: "Бұл – жоғары деңгейде расталған ақпарат", – деді. 

Естеріңізге салайық, 2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға қысым көрсетіліп, олар жаппай түрмеге қамала бастаған. Бұл туралы БҰҰ мінберінде мәлімдеме жасалған.  Әу баста Бейжің бұл ақпаратты жоққа шығарған. Кейін мұны экстремизмге қарсы шара деп түсіндірген. Ал қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерін тіл үйрететін, кәсіпке баулитын орталық деп таныстырған.

Өз кезегінде АҚШ пен Батыс елдері Бейжіңнің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп жазғырған. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу