Қытай тауарларының көрмесіне 450-ге жуық қазақстандық кәсіпкер қатысты

Биыл көрмеге Қытайдың Чжэцзян, Шаньси, Гуандун, Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданы, Хубэй провинцияларынан 200-ден астам қытайлық компания қатысып жатыр.

Қытай тауарларының көрмесіне 450-ге жуық қазақстандық кәсіпкер қатысты Фото: Атамекен ҰКП

3-5 шілдеде "Атакент" халықаралық көрме орталығында қарапайым скотчтан бастап электромобильдерге дейін қытайлық 200-ден астам компания өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Көрменің ашылуында ҚХР Бас консулы Цзян Вэй Қытай-Қазақстан қатынастары екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

"Шыңжаң, Шаньси, Нинся, Чжэцзян және Цинхай инвесторлары ақпарат алмасу, бизнес құру, тауарлар сатып алу және брендтерді ілгерілету үшін осы платформа арқылы көрмеге қатысуға тіркелді. Екі тарап та тарихи мүмкіндіктерді пайдаланып, Қазақстан-Қытай тауар көрмесін өңірлік ынтымақтастықтың ашық және инклюзивті алаңына айналдырады деп сенемін", – деп атап өтті Цзян Вэй.

Көрмеде ауылшаруашылық техникасы, жабдықтар мен өнімдер; автомобиль бөлшектері, металл құралдар, құрылыс материалдары, жарықтандыру құрылғылары, жуынатын бөлме және ас үй керек-жарақтары, жиһаз, кең тұтыну тауарлары, тоқыма бұйымдары, аяқ киім және бас киімдер, сөмкелер, тамақ өнімдері, тұрмыстық техника, электр тауарларының кең ассортименті ұсынылды. 

Биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толды. Өткен жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь Қазақстанға келген кезде 2023 жылды "алтын отызжылдық" деп атады. Сондай-ақ биыл "Бір белдеу-бір жол" бастамасына 10 жыл толды.

Ашылу салтанатында Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Ершов іс-шараның ауқымын атап өтті.  

"Қазақстан мен Қытай тарихи сауда серіктестері. Елдеріміздің іскерлік қоғамдастығы бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған. Біз үшін көрме экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету құралдарының бірі. Бүгін көрмеге негізгі бағыттар бойынша 450 қазақстандық кәсіпкер шақырылды", – деп атап өтті Аян Еренов.

Биыл көрмеге Қытайдың Чжэцзян, Шаньси, Гуандун, Шэньси, Хэнань, Цинхай, Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданы, Ляонин, Нинся, Хубэй провинцияларынан 200-ден астам қытайлық компания қатысып жатыр.

Еске салсақ, жақын арада Қазақстан азаматтары үшін Қытайға визасыз режим күшіне енеді.

Екі тарап үшін де нәтижелі болатын көрмеде тиімді B2B кездесулері күтілуде. Іс-шара 5 шілдеге дейін жалғасады. Көрме аясында "Қытай-Қазақстан" сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың бірінші өңіраралық конференциясы ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу