Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтегісі келеді

2844

Өмір бойы бас бостандығынан айырылған отандасымыздың ісі қазір не болып жатыр?

Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтегісі келеді Фото: Facebook/Cұңқар Нұрмағамбетов

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Ол есірткі тасымалдады деген күдікке ілінді. 2015 жылы 15 маусымда қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Қазір отандасымыз жазасын Қытайда өтеп жүр.

Тілшілер спикерден Ақжарқын Тұрлыбай қазір қайда екенін, оны Қазақстанға қайтару мақсаты бар ма деп сұрады.

"Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты айтатын болсам, біз Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып Қазақстан азаматын Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерімізді салудамыз. Біз бұл жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Ол жұмыс белсенді тұрғыда атқарылып жатыр. Меніңше, жақын арада (бұл мәселе) оң шешімін табады деп сенемін", – деді Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

Журналистер "Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбаймен байланыстасыздар ма?" деп нақтылады. 

"Өз жазасын елде өтегісі келетіні туралы арызы бізге келіп түскен. Ол  елге келіп өзінің жазасын өтегісі келеді. Адвокаты онымен тұрақты түрде байланыста отыр", – деп атап өтті Ғалымжан Қойгелдиев.

Айта кету керек, осыған дейін Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға оралғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын жазғанбыз. Қазақстан тарапы Қытайдың Ақжарқын Тұрлыбайды беруін күтіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу