Қытайда тұрып қалған 1 300 контейнер елге қарай жолға шықты

1010

Былтырдан бері Қытайда тұрып қалған қазақстандық 1300-ге жуық контейнер Қазақстанға келіп, әрі қарай бизнесмендердің келісімшарттық міндеттемелеріне сәйкес басқа елдерге бет алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Қытайда тұрып қалған 1 300 контейнер елге қарай жолға шықты

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, бүгінде Қытай 45 контейнерді Ляньюньган портынан шығару жөніндегі жоспарға қосты, тағы 96 контейнер Қазақстан шекарасына жол тартты.

Subaru Kazakhstan ЖШС контейнерлері Қытай аумағында 5 ай тұрып қалған. Жақын күндері контейнерлер Қазақстанға жетті. Жүктердің кешігуі компания үшін қосымша шығын болды.

"Компаниямыз сапалы бөлшектерді Жапониядан сатып алады. Қытаймен шекарада бөлшектердің тұрып қалуына байланысты қаржылай шығындар өсті. Бұл жайт техниканың бастапқы құнына теріс әсер етеді. Сонымен қатар біз Subaru-дың ресми дистрибьюторымыз және зауыттан кепілдік береміз. Демек, қосалқы бөлшектерді жеткізудегі кез келген кідіріс клиенттерімізді күтуге, ал бізді олардың алдындағы міндеттемелерімізді бұзуға мәжбүр етеді", – деді Subaru Kazakhstan ЖШС директоры Ақылбек Анарбаев.

"Атамекен" ҰКП мәліметінше, Қытайдан жүк тиелген контейнерлер елге келе жатыр. 

Ұлттық палата осы тұрып қалған жүктер туралы деректерді 2021-2022 жылдар аралығында салалық ведомстволар мен "Қазақстан темір жолы" компаниясына хабарлаған.

"Қазір біз оң динамиканы байқап отырмыз. Ұлттық палата 1 342 контейнер туралы деректермен тағы бір тізімді жіберді. Сол тізімдегі тұрып қалу мерзімі тым ұзарып кеткен. Шекарада 1-ден 4-ке дейін контейнері бар шағын және орта бизнес субъектілерінің жүктері 6-7 айдан аса уақыт тұрып қалды. Бұл тізім бойынша ілгерілеуді көріп отырмыз", – деп атап өтті "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Айта кетейік, биыл "Атамекен" Үкіметпен бірлесіп, контейнерлерді жөнелтуді жеделдету механизмін әзірледі. Палата тұрып қалған контейнерлер туралы деректерді ҚТЖ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Сыртқы істер министрлігіне жібереді. 

Мемлекеттік органдар Қытай тарапымен қозғалыс жоспарына Қазақстан контейнерлерін енгізу мүмкіндігін нақты пысықтауда.

Кәсіпкерлерден Қытайда тұрып қалған контейнерлерге қатысты шағымдар 2020 жылдан бастап түсіп жатыр.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу