Қытайдың батысқа тасымалының 85% -ы Қазақстан арқылы өтеді – Тоқаев

415

Қазақстан Президенті 3 жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салынатынын айтты.

Қытайдың батысқа тасымалының 85% -ы Қазақстан арқылы өтеді – Тоқаев Фото: Ақорда

Шығыстағы көршіміз іргедегі елдердің басшыларын жинап, "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумын өткізді. 

Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Қазақстан президенті текке бой көрсетіп қайтпай, алыс-жақынның ара-қатынасына қатысты ойын жеткізді. Мінбердегі сөзін қытай тілінде бастап, жиылған жұрттың таңданысын тудырғаны тағы бар. 

Мемлекет басшысы Қытайға жасаған сапарының екінші күнінде халықаралық форумның мінберіне көтерілді. Қытайша тіл сындырып, екі елдің қалыптасқан транзиттік тізбегін тілге тиек етті. Тіл сындырды деген сыдыртпа сөз болар. Мемлекет басшысының шығыс тілін жетік меңгергенін жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқылады. Тіпті ертеректегі қытай тілін үйреткен ұстазын тауып, үлгерімін үлгі етіпті. Енді сол Тоқаевтың талқыға түскен баяндамасына тоқталсақ. Президент Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде бағалады. "Бір белдеу, бір жол" жобасының маңыздылығына тоқталды. 

"Бір белдеу, бір жол" Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы  ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл  әділ баға", – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жібек жолын қайта жандандыруда Қазақстанның да өзіндік орны бар. Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Шығыс пен Батысты байланыстырады. Қытаймен арадағы ортақ шекараны тиімді пайдаланып, тоғыз жолдың торабына айналды. 

"Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, "Қорғас" құрғақ порты, Батыс Еуропа  Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз", – деді Тоқаев. 

Қазақстан Президенті 3 жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, "Бақты" және "Қалжат" жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағыты Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын "Бір белдеу, бір жол" бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алатынын айтты. Бұл  Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді. Айтпақшы Ресей ресми түрде аталған жобаға қосылмаса да, Путин де саммиттің қонағы болды. Бейжіңдегі басқосуда ол барлық қатысушыларды Ресей арқылы солтүстік теңіз жолын салуға шақырды.

"Ресей мен Қытай тұрақты, ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарға жету үшін әріптестікті нығайтуға дайын. Солтүстік теңіз жолына келсек, барлық мүше елдерді оған ат салысуға қатысуға шақырамыз. Себебі келесі жылдан бастап жүк кемелері үшін жыл 12 ай ашық болатын жаңа бағыт ашылады", – дейді РФ Президенті Владимир Путин. 

Бәрінің басын қосқан Қытай болса өзін ғана емес, барлық дамушы елдерді модернизациялауға дайынбыз,деп отыр. 

"Егер біз басқа елдердің дамуын қауіп, ал экономикалық өзара тәуелділікті тәуекел деп санасақ, біздің өміріміз жақсармайды және дамуымыз тез болмайды. Біз бірімізге көмектесу арқылы өзімізге қолайлы жағдай жасаймыз", – деді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин.

Бұл ретте "Бір белдеу, бір жол" жобасының маңыз зор. Бастама аясындағы ынтымақтастық тараптардың көп нәрсеге қол жеткізуге көмектесетініне сенімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу