Қытайлық компаниялар Жамбыл облысына ерекше қызығушылық танытып отыр

1382

Алдағы уақытта өңірде ірі жобалар жүзеге асырылады.

Қытайлық компаниялар Жамбыл облысына ерекше қызығушылық танытып отыр Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған облыс делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпараттарға сүйенсек, аймақ басшысының Қытайға сапары өте сәтті болған сыңайлы, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жалпы Ербол Шырақпайұлы әкімдікте өткен жиындарда, аймақтарға жасаған жұмыс сапарлары кезінде аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына инвестиция тартуға айрықша назар аударуды үнемі айтып келеді. Тіпті бір жиында инвестиция тартуға атүсті қарағандардың қызметімен қош айтысатынын қадап-қадап жеткізген болатын.

Әрине, аймақ басшысының талабы өте орынды. Себебі инвестиция тарту облыс экономикасын дамытудың негізгі кепілі десек те болады. Инвестиция мейлінше көбірек тартылған сайын облыс экономикасы өркендеп, халықтың табысы артып, тұрмысы жақсара түседі.

Облыс әкімінің Қытайға сапары кезінде де бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық беріліпті.

Е. Қарашөкеев жұмыс сапары барысында облыстың ірі кәсіпорындарының басшыларымен бірге Қытай Халық Республикасының Шандунь, Хубэй және Суар провинцияларындағы бизнес топтарының және жетекші компаниялардың өкілдерімен 200-ден аса іскерлік кездесу өткізген. Келіссөздер нәтижесінде тараптар ұзақмерзімді өзара тиімді әріптестік қатынастарды арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірген.

Атап өтер болсақ, Шаньдун провинциясының ("Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go.Ltd", "GAMBOL", "SHIFENG GROUP" және "GUOFENG") компанияларымен бірге жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу, мал азығын өндіру мен ауылшаруашылығы техникаларын шығару бойынша жобаларды іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұдан бөлек, Байзақ ауданында тракторлар құрастыру ісі жоспарланып отыр. Ал фосфор өндірісінде көшбасшы саналатын Хубэй провинциясындағы келіссөздер барысында "Қазфосфат" серіктестігі мен қытайлық "Wuhan Top Resources Holdings Co., Ltd" компаниясының арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылдған Қазіргі уақытта аталған компаниямен электромобильдерге арналған литий-темір-фосфат аккумуляторларын өндіру, "Жаңа Жамбыл фосфор" зауытында өндірілетін сары фосфорды Қытайға экспорттау және сары фосфор мен құрамында фосфор бар өнім өндіретін жаңа кешен салу мәселелері талқылануда.

Сондай-ақ қытайлық "ВNK Group" және "NINGBO MENGKWA MACHINERY CO.,LTD" компанияларымен келісім барысында 2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 4,4 миллион АҚШ долларын құрайтын тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салу жоспарлануда.

Ал Боро-Тала-Моңғол автономиялық округіндегі сапар қорытындысы бойынша сумен жабдықтау, кәріз және суару жүйесіне арналған түрлі диаметрлі құбырларды өндіру ісін дамыту жоспары қаралған.

Яғни алдағы уақытта облыста жаңа өндіріс орындары бой көтеріп, сан саланың дамуына тың серпін береді деп күтілуде. Е.Қарашөкеевтің Қытайға сапарының қаншалықты қайырлы болатынын алдағы жылдары көретін боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу