Қытаймен шекарада жемқорлар көп: Сенат спикері инфляциямен күрестің негізі жолын атады

488

Қазақстан мен Қытай шекарасында жемқорлар көп. Солардың кесірінен еліміздегі тауарлардың бағасы ұшып тұр. Сенат спикері Үкіметті қолдан кептеліс жасап отырған мүдделі топпен күресуге шақырды. 

Қытаймен шекарада жемқорлар көп: Сенат спикері инфляциямен күрестің негізі жолын атады Фото: zakon.kz

Әйтпесе "инфляцияны ауыздықтаймыз" деген жоспардың бос әңгіме болатынын ескертті. Жалпы кабминге қарата айтылған сын аз болмады. Сөйте тұра Үкімет Ұлттық қордан тағы ақша сұрады. Сенат келісімін берді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет 3,2 трлн теңге сұраған. Бірақ енді бұл ақша жетпейді,- деп отыр. Тағы 800 млрд теңге сұрай келді. Осылайша бас-аяғы биылғы жоспардың өзін орындауға 4 трлн теңге қажет. 

Бюджетке түзету енгізген Қаржы министрі ақша Тоқаевтың тапсырмасын орындауға жұмсалатынын қайта қайта айтты. Оның ішінде 109 млрд теңге халықты ауыз сумен қамтуға бағытталады, яғни 2023-те билік ауылдардың 96 пайызына таза тіршілік нәрін тартпақшы. 95 млрд теңге армияны жаңғыртуға жұмсалады. Білім беру мәселелерін шешуге 54 млрд бөлінбек. Әлеуметтік проблемаларды оңтайландыруға 234, денсаулық сақтау саласына 149 млрд жұмсау көзделген. Ал Екібастұз бен Петропавлдағы апаттардан кейін билік жылу электр орталықтарын салу мен жөндеуге 69 млрд теңге бағыттамақ. Электр энергетикасын дамытуға 74 млрд теңге бөлінген. 

Алайда, Үкіметтегілер Президенттің Ұлттық қорға қол сала бермеңдер деген ескертпесін ұмытып кеткен сияқты. Әйтпесе Тоқаев дәл сол қор ақшасын 100 млрд долларға жеткізуді де тапсырған. 

"Ұлттық қор қаражатын ұлғайту арқылы балалар шотына бөлінетін ақшаны көбейту керек болып тұр. Осыған байланысты бәрімізге қаржыны жұмсаудың тәртібі керек. Алда Мәжілістің жаңа депутаттары келеді, жаңа партиялар, жаңа күн тәртібі алға шығады. Жаңа бастамаларға олар да ақша сұрайды. Әлбетте өз міндеттері бар екені түсінікті. Дауыс берушілерге жұмыс істеп жатқанын көрсетуі керек. Бүгінде ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесі, жалпы экономиканың дамуы оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан бәріміз қаржылық тәртіпке келуіміз керек", дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Тағы бір тәртіпке келтіру керек мәселе ол сыртқы берешек. Қазір қарызды қарызбен жауып отырмыз. Бір жылда мемлекеттік борыш 25,3 трлн теңгеге жетті. Сенаторлар аудит жүргізуді сұрады. 

"Әрине мемлекетті қарыз мәселесі Үкіметтің негізгі көкейкесті мәселесі. Әлемде инфляцияның деңгейі өте жоғары екені белгілі. Сондықтан базалық мөлшерлеме да өскен. Бұл тұрғыда сырттан қаражат тарту немесе бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін іштен қарыз алу қымбатқа түседі. Әрине, инфляция деңгейі төмендесе, базалық мөлшерлеме азайса, бұл жүктеме біршама жеңілдейді", дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.  

Негізі Ұлтттық банк инфлацияны жыл аяғына дейін 9 пайыз деңгейінде ұстайтынын талай айтқан. Оны болжау кезінде теңгенің де тағдырын ескердік. Құнсызданып бара жатса, оған да ақша құюға әзірміз,- дейді Пірматов.

"Ұлттық банк қажет болған жағдайда, яғни доллардың теңгеге қатысты бағамы қысқа мерзімде қатты өсіп кетсе, интервенция жасауға құқылы. Керек болса, ондай интервенция жасаймыз. Еске сала кетсек, былтыр көктемде 1,5 млрд долларға интервенция жасадық. Сол сәуір айынан бері интервенция жүргізген жоқпыз", дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.  

Осы ретте айта кететін бір жайт бар. Негізі тауардың көп бөлігі бізге Қытайдан импортталады. Ал шекарада жемқорлық дендеп кеткен. Қолдан кептеліс жасап жүргендер көп. Ал бұл тауар бағасын өсіреді. Логистика мәселесін реттемей, инфлацияны ұстаймыз деген құр әурешілік екенін ескертті сенат спикері. 

"Шекарада жүк көліктері өте көп уақыт қаңтарылып тұрады. Тіпті Қытайдың өзі режимді жеңілдеткеніне қарамастан, проблема сол күйі қалып отыр. Бұл жерде мүдделі тұлғалар, жемқорлар аз емес. Шекарадағы бүкіл процестерді цифрландырып, автоматтандыру керек. Қытайлықтар оған қарсы болады деп ойламаймын. Олар мұндай бастаманы толықтай қолдайды. Кеден және өзге құрылымдар тарапынан жасанды жолмен қойылып отырған тосқауылдарды алып тастау қажет. Үкімет бұл мәселемен мықтап айналысады деп ойлаймын. Сенат депутаттары да оны бақылауда ұстайды", дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасымМәулен Әшімбаев.

Қысқасы сын-ескертпелерді айтқан Сенат, ақыры Үкіметтің өтінішін қанағаттандырды. Соған риза болды ма әлде сайлаудан кейін тарайтын болған соң ба, вице-премьер ұлттық қордан ақша беруге келіскен сенаторларға қазақшалап алғысын жаудырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу