"Үкімет ішкі нарыққа мұнай жеткізуді ынталандыру және жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа жобаларды іске асыру үшін жағдай жасау бойынша шаралар қабылдауда. Өткен жылдың желтоқсан айында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңға түзетулер қабылданған болатын. Бұл түзетулер мұнай өнімдерін өткізуде делдалдарды алып тастауды көздейді. Енді мұнай өндіруші ұйымдар шикізатты өңдеу үшін мұнай өңдеу зауыттарына өз бетінше жеткізе алады", - деп атап өтті Үкімет басшысы өз жауабында.
Үкімет басшысы 2023 жылдың сәуір айында бензиннің (АИ-92 182-ден 205 теңгеге дейін) және дизель отынының (230-дан 295 теңгеге) шекті бөлшек сауда бағасы көтерілгенін айтты.
"Бұл сонымен қатар ішкі нарыққа мұнай жеткізудің экономикалық тартымдылығын арттырады", - деп қосты сауалға жауабында.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге инвесторларды тарту мақсатында заңнамалық тұрғыдан кеңейтілген үлгілік келісімшарт енгізілгені, онда нормативтік және фискалдық преференциялардың кең ауқымы көзделгені атап өтілді. Газ және газбен жабдықтау туралы заңнамаға жер қойнауын пайдаланушылардан газды сатып алу бағасының жаңа формуласын енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Оған сәйкес баға экспорттық (70%) және ішкі (30%) бағалар негізінде қалыптасады.
"Қызылорда облысының ресурстық базасын қанықтыру мақсатында "ҚазМұнайГаз" АҚ перспективалы Торғай палеозой аймағында (шамамен 400 млн тонна мұнай ресурсы) тереңдігі 5,5 мың метрде барлау ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отыр. Жеңімпаздар Шығыс және Орталық керуеннің жер қойнауы учаскелері бойынша аукционда анықталды (барлауға шамамен 1,8 млрд теңге инвестиция салынбақ). Осының барлығы Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытуға қосымша серпін береді", - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.