Қызылорда облысының 2020 жылғы инвестициялық межесі – 481 млрд теңге

1393

ХІ Халықаралық "Baikonyr Invest" инвестициялық форумында құны 100 млрд теңгені құрайтын 24 меморандум мен 1 келісімшартқа қол қойылды.

Қызылорда облысының 2020 жылғы инвестициялық межесі – 481 млрд теңге

Мұнайға байланған облыстың өнеркәсіптегі өндірісінің 70%-ы мұнай-газ саласына қатысты. "Қара алтынды" өндіру соңғы жылдары күрт түсіп кетті. Оған себеп қазба қорының түгесілуге жақындауы. Осыған орай индустрияландыру арқылы аймақта дер кезінде қолға алынған жобалардың арқасында шикізаттық емес секторда өнім 5,4%, жұмыспен қамтылғандар саны 71% өсті, ал шикізаттық емес экспорт көлемі 49%-тен асты.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында 568 млрд теңгеден асатын 28 жоба қолға алынды. Әзірге оның 8-і іске қосылды. Атап айтсақ, тампонажды цемент зауыты, "Арал тұз" АҚ-ғы екі испан цехы, британдық инвесторлармен бірлескен "Баласауысқандық" ванадий кен орны, "Baikonur Solar" күн электр станциясы, шыны зауыты, "Шалқия" кен орны және кальцийленген сода жобалары.

Сонымен бірге былтыр жаздан бері облыс орталығында ет комбинаты мен Қармақшы ауданында құс фабрикасының құрылысы басталды. Ал, Жалағашта күн электр станциясы салынып жатыр.

Облысқа сырттан қаржы көздерін тарту үшін былтыр ХІ Халықаралық "Baikonyr Invest" инвестициялық форумы өткізілген болатын. Онда құны 100 млрд теңгені құрайтын 24 меморандум мен 1 келісім-шартқа қол қойылды. Оның ішіндегі ең ірісі "Қызылорда қаласында шыны-пластикалық желілік және сорғы-компрессорлық жоғары қысымды құбырларды өндіру зауытының құрылысы" жобасы. 

Бұл жобалар іске асқан жағдайда Қызылорда облысының 2020 жылға бекітілген инвестиция тарту межесінен асып түсетін болады. Өйткені, биыл бұл мақсатқа жетудің міндетті межесі 481 млрд теңгеге белгіленген болатын.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу