Сол секілді жылу желілері мен кәріз жүйесінің де ескіруі байқалады.
"Қызмет бағасы мен сапасы сай емес"
Бұған дейін "Қызылордалық тұрғындар: "Орта ғасырдағы адамдардың күйін кешіп отырмыз" деген тақырыпта да мақала жариялаған болатынбыз.
Жалпы, қоғам тарапынан коммуналдық салаға әртүрлі сын айтылады.
"Жыл басталғалы Қызылорда облысында коммуналдық қызметтер бағасы күрт өсті. Иә, қарапайым халыққа бұл айтарлықтай ауыр соғуда. Көрсетілген қызмет сапасына алып отырған қызмет бағасы сай емес! Бұл мәселені тыңдайтын құлақ жоқ. Жауапты басқарма тас меңіреу сияқты. Жаттанды жауап пен жүйкеңді тоздырады. "Айтады да қояды" деп отыра беретін сияқты. Өйткені айтқан сөздерімен ісі сәйкес емес. Нәтиже жоқ. Мысалы, электр жарығы соңғы 3-4 жылда басы дау мен шудан арылмады. Біздің аймақта сығырайған жарықпен үйдің тұрмыстық техникаларының күйіп кетуі, балқып кетуі деген нәрселерге көз үйренді. Ал ауызсуды айтпаса да белгілі. Сапасына байланысты сын көп. Жаздың ыстық күндерінде сусыз отырған кездерді еске алсақ, көзіңе жас келеді. Бірақ қашанғы бұлай жалғаса бермек?" - деп ашынады қала тұрғыны Серікхан Әлханұлы.
Электр желілерінің тозу деңгейі 66%-ға жеткен.
Аталған мәселеге орай Қызылорда облысының энергетика басқармасы былай деп жауап қатады: "Коммуналдық қызметтер үшін тарифтер ҚР Табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес есептеліп, тиісті уәкілетті орган тарапынан бекітіледі. Электр энергиясы үшін тариф ұзақмерзімді болуына орай, жыл сайынғы инфляция деңгейінің өсуіне сәйкес өсім қарастырылған. Облыс аумағындағы электр желілері 70-80-жылдары салынып, қазіргі таңда тозу деңгейі 66%-ға жеткен. Облысымыздағы жалғыз электрмен қамтамасыз етуші мекеме – "Қызылорда электр тораптары компаниясы" АҚ-ның бекітілген тарифіне сәйкес тозу деңгейін төмендету бойынша бірқатар жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, 2023 жылдың өзінде 232 шақырым электр желісі мен 95 дана қосалқы станциясы жаңғыртылды. 2024 жылы тағы да 418 шақырым электр желісі мен 73 дана қосалқы станциясын жаңғырту жоспарлануда.Ауызсу мәселесі бойынша 2023 жылы "Қызылорда су жүйесі" МКК тарапынан қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда 5 дана су қысымын күшейткіш сорғы станциясы орнатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады деп жоспарлануда", - дейді жауапты мекеме.
"Көп тариф қызметі өзгеріссіз қалды"
Қала тұрғыны Серікхан Әлханұлы "коммуналдық саланы жекешелендіріп алған "мешкей шенеуніктерден" тартып алып, мемлекет меншігіне беру керек! Сол кезде ғана халықтың ауызы ақ майға тиеді. Мәселе шешіледі" дегенді айтып отыр. Ал, жауапты орындар барлық коммуналдық мекеме 100 пайыз мемлекеттік меншікте екеніне сендіреді.
"Жыл басынан жылумен жабдықтау қызметінің тарифін қоспағанда, электр, су, суды бұру, газбен жабдықтау қызметінің тарифтері өзгеріссіз қолданыстағы деңгейінде қалды. Осы ретте, "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК-ның жылумен жабдықтау қызметтеріне 2021-2026 жылдарға тарифтері ұзақмерзімді кезеңге, яғни әр жылға бөлек-бөлек бекітілген болатын, оның ішінде 2024 жылғы қаңтар айында жылумен жабдықтау қызметінің тарифі тұрғындар үшін 1 Гкалға ҚҚС-мен 3350,77 теңге немесе 2023 жылғы қолданыстағы тарифпен салыстырғанда жоспарлы 7 пайызға өзгертілді. Қазіргі таңда аталған тариф қолданыста" - дейді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мамандары.
Жаңа бағдарлама олқылықтың орнын толтыра ма?
"Жалпы, 2023 жылдан бастап "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тарифтік бағдарламасы іске қосылғаны баршаға белгілі. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – коммуналдық желілерді жаңғырту, жаңарту, желілердің тозығын төмендету, авариялық өшірулердің, мезгілсіз ажыратулардың алдын алу және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. 2023-2024 жылдары атқарылған (атқарылатын) жұмыстардың қаржыландыру көзі мемлекеттік бюджет болып табылуынан, тарифке әсерін тигізбегендігін атап өткен жөн. Сонымен бірге, жарықтың сапасынан тұрмыстық техникалардың күйіп кету деректері болған жағдайда, оларды қалпына келтіру мақсатында тұрғындар энергиямен жабдықтаушы мекемеге ("Энергосервис" ЕЖШС) тиісті өтінішпен жүгіне алады", - дейді департамент өкілдері.
Шыны керек, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасына көпшілік сенеді. Өйткені, өткен жылдың өзінде Қызылорда облысында біршама жұмыс атқарылғаны белгілі болып отыр. Иә, бұл көп инвестицияны және уақытты қажет етеді.