Қызылорда облысының әкімі ауылдардың мамандануына байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Нұрлыбек Нәлібаев "Ауыл аманаты" жобасының несие қаржысы 4 бағытқа (ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және түрлі жобаларға) бөлінгенін айтты.
– Биыл 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды, – деді ол.
Облыста 2023 жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба іске қосылып, тиісінше 713 жұмыс орны ашылған еді.
Бүгінде Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы "Абай Дәулет" ЖШС құрған өндірістік алаңда тұрғындардың 13 бизнес-бастамасы іске асырылып жатыр. Онда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар ашылған. Озық тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан бөлек, облыс әкімі брифинг барысында ерекше бизнес түрлерін де сөз етті.
– "Kaz Fries" зауытының қуаты сағатына 150 келіге дейін қуырылған картоп таяқшаларын өндіруге жетеді, дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. Өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен, құрылыс тауарларын шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспары бар. Дәл осындай жобаны облыстың барлық ауданында жүргізу көзделуде, – деді Н.Нәлібаев.