Қызылорда облысында "Үлгілі жүргізуші – 2025" республикалық акциясы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ішкі істер министрлігі мұндай бастаманы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қолға алды.
Одан бөлек, жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін көтеру, жол жүрісі қағидаларын сақтау деңгейін жақсарту, сондай-ақ үлгілі мінез-құлық танытқан жүргізушілерді ынталандыру мақсат болды.
– Акцияға белсенді қатысып, жол жүрісі қағидаларын бұлжытпай орындап жүрген 11 жүргізуші дараланды. Байқау нәтижесі бойынша үлгілі жүргізуші атағына қала тұрғыны Нух Оздин лайық деп танылды. Жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол мамандық иесі 20 жылдан бері көлік тізгінінде. Осы уақыт ішінде ол бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған, жылдамдықты асырмаған және көлігін техникалық тексерістен уақытылы өткізіп отырған. Сонымен қатар ол бірнеше рет жолда апатты жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетіп, азаматтық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тәртіпті жүргізушілер департамент бастығының алғыс хатымен және естелік сыйлықпен марапатталды.