Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мас күйде көлік басқарған 29 жастағы жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 10 қыркүйекте сағат 01:58 шамасында болған. Патрульдік полиция инспекторлары "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ВАЗ автокөлігін тоқтатқан.
Тексеру кезінде жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Наркологиялық сараптама оның жеңіл дәрежедегі масаң күйде болғанын көрсетті.
Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салып, жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға шақырды.