Қызылордалық тұрғын аялдамада қазақ тілінде ақпарат жоқ болғаны үшін соттасып, жеңіп шықты

1884

Сот автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттеді. 

Қызылордалық тұрғын аялдамада қазақ тілінде ақпарат жоқ болғаны үшін соттасып, жеңіп шықты Фото: gov.kz

Қызылорда тұрғыны автобус аялдамаларындағы ақпаратты мемлекеттік тілде жазуды міндеттеуді сұрап, Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттеді

"Талап қоюшы өзінің талап қоюында бірнеше мәрте өкілетті органдарға жүгініп, аялдамалардағы ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу керектігін айтқанын, алайда ешқандай нәтиже болмағанын, содан сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын, мемлекеттік тілде жазылмаған ақпараттарды орнату заң талаптарын өрескел бұзатынын көрсеткен. Сотта анықталғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік сатып алу туралы шарты негізінде жауапты серіктестікке маршруттық автобус аялдамаларына 26 дана ақпараттық тақтаны орнатуды тапсырған. Алайда, ақпараттық тақталардағы ақпараттар мемлекеттік тілде жазылмаған", - делінген Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарламасында.

Сот талап қоюшының мемлекеттік тілде ақпараттар алуға қатысты конституциялық құқықтары бұзылғанын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкерге автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттеді.

Сонымен қатар, бөлімнің тұлғаларының тарапынан жіберілген бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарды.

Сот шешімі заңды күшіне еніп, орындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу