Қызылордалық заңгер Дәулет Ізбасарұлы Қызылорда қаласы КБИ мөлтек ауданында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында білім ордасының әлдеқашан бой көтеруі керек екенін айтады.
Сол маңдағы мектеп тым ескі, бірақ биылға оқушы қабылдап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
- Біз тұратын мөлтек ауданда "Жайлы мектеп" салынады дегенді естіп қатты қуандық. Наурыз-мамыр айларында құрылысы басталатыны туралы да айтылып еді. Одан бері қанша ай өтті, жауапты мекемелерден бір жауап алудың өзі мұңға айналды, - деді ол.
КБИ мөлтек ауданының тұрғыны Дәулет Ізбасарұлы сол маңдағы мектептің тым ескі екенін айтады. Тіпті, "апатты деп танылған болуы да мүмкін" дейді.
- Балаларым мектеп жасында, бірақ басқа мектепке барады. Өйткені, жақын жердегі №197 Ә.Құдабаев атындағы мектеп тым ескі әрі ол мектепке көп оқушы сыймайды. Осы жердің тұрғыны ретінде оқушылардың жайын алаңдаймын. "Жайлы мектептің" сапалы салынғанын ел болып тілеп отыр, - дейді ол.
"Жайлы мектеп" қашан салынады, қандай сатыда тұр, не жұмыс атқарылып жатыр?" деген сауалдарға жауап алу үшін заңгер өлең жазыпты. Дәлірек айтқанда, нақты жауап алу үшін өлеңмен сұрау салуға мәжбүр болған.
"Дегенде "Жайлы мектеп" салынады,
Көңіл босап, жүректер жарылады.
Ал қазір қозғалыссыз, еш хабар жоқ,
Тынысым өздігінен тарылады.
Салынып "Жайлы мектеп" тұрса ауданда,
Болмайды бұл халықтың басқа арманы,
Үмітіміз үзілмей, күтіп жүрміз,
Құрылысын мектептің басталғанын" деп жазады Дәулет Ізбасарұлы.
Айта кетейік, Қызылорда облысында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 21 мектептің құрылысын салу бекітілген. Оның ішінде КБИ мөлтек ауданындағы салынуы керек білім ордасы да бар.
Мұны Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі бізге берген жауабында айтты.
- Қызылорда облысы бойынша жоспарланған 21 мектептің қысқартылмағандығын, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатқандығын хабарлаймыз.
КБИ-дегі мектептің жанындағы бос жер телімдері рәсімделуде. Себебі, құрылыс мектептің жанынан салынады. Бүгінде конкурс жұмыстары жүруде. Жаңа мектептің құрылысы биыл басталатын болады. Жаңа оқу жылында оқу процесі еш кедергісіз жалғасады, - делінген жауапта.
"Еститін үкіметте" басқармалар, мекемелер, әкімшіліктер жауап беріп-ақ жатыр. Бірақ, Қызылорда облысы білім басқармасы 10-ға жуық жазбамыздан кейін ғана қозғалыс жасады" дейді Дәулет Ізбасарұлы.
Жалпы, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қызылорда қаласында – 8, Арал ауданында – 4, Қазалы ауданында – 2, Қармақшы ауданында – 2, Жалағаш ауданында – 1, Сырдария ауданында – 1, Шиелі ауданында – 1, Жаңақорған ауданында 2 мектеп салынады.
Оның ішінде 2024 жылы 10 мектеп, 2025 жылы 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылғы жылы құрылысы басталатын Қызылорда қаласындағы 5 мектеп, Арал ауданындағы 2 мектеп, Қазалы ауданындағы 1 мектеп, Жаңақорған ауданындағы 2 мектеп бойынша "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-мен конкурстары өткізіліп жатыр.