Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Спатаев қызметін ресми түрде аяқтағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Марат Бақытжанұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығындағы басшылық қызметімді ресми түрде аяқтаймын. Бұл мен үшін өмірімнің маңызды, жауапты әрі ерекше кезеңдерінің бірі болды. Осы уақыт ішінде бірге жұмыс істеген барлық әріптестеріме, сенім білдірген басшылыққа және қолдау көрсеткен серіктестерге зор алғысымды білдіремін. Жастармен жұмыс істеу – менің жүрек қалауым әрі өмірлік ұстанымым. Осы салада жүзеге асқан әрбір жоба мен атқарылған әрбір іс мен үшін аса құнды", - делінген жазбада.
Шенеунік қолдау білдірген азаматтарға ризашылығын білдірді.
"Алдағы уақытта да шырайлы Шымқаламыздың гүлденуіне бірге атсалысамыз деген үміттемін", - деді Марат Спатаев.
Сөзінше, ол жұмыс барысында ешқашан да "кеңестік көзқараста" болған емес. Марат Спатаев жастардың болашағына аз да болса үлес қосу – үлкен мәртебе екенін жеткізді.
Айта кету керек, бұған дейін шымкенттік шенеунік "лайк" баспаған қызметкерлерді жазалағанын жазғанбыз.