Лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты 45 мыңға жуық шағым түсті

889

Лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты 45 мыңға жуық шағым түсті

2017 жылдың 6 айында 200 мың кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы ҚР бас прокуратурасында бизнесті қорғау бойынша ұйымдастырылған "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты II форумда мәлім болды, деп хабарлайды abctv.kz. 
Форумда баяндама жасаған "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов мемлекеттің бизнеске барынша қолдау көрсетіп, бақылау-қадағалау қызметтерін азайтқанына қарамастан, әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлер саны артып отырғанын мәлімдеді. 
Рустам Жүрсіновтің айтуынша, 2015 жылдың 6 айында 126 мың кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 2016 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 160 мыңды құраған. 2017 жылдың 6 айындағы көрсеткіш – 200 мың. 
Спикердің сөзінше, 2016 жылы лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты 44 920 шағым түскен. Алайда тәртіптік жауапкершілікке тартылған шенеуніктер саны небары 17 ғана. Тек 15 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2017 жылдың 1 жартыжылдығында келіп түскен шағым саны 18 077-ні құраса да, 6 мемлекеттік қызметші ғана тәртіптік жауапкершілікке, 20 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Рустам Жүрсінов "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағымдар мен жазаға тартылған лауазымды тұлғалар саны арасындағы теңгерімсіздікті жою бойынша нақты шараларды қарастыру керек дейді. 
Жалпы, "Атамекен" ҰКП 570 салалық мәселені анықтаған. Оның 362-сі оң шешілді. 58 мәселе қарастырылу үстінде және 150 мәселе мемлекеттік органдардың қатысуымен талқыланып жатыр. Ең көп мәселе құрылыс және сәулет саласында анықталған – 53 немесе 10,3%. Одан кейінгі орындарда транспорт және логистика (51 немесе 10%), сондай-ақ медицина және фармацевтика (40 немесе 8%) салалары тұр. 
Еске сала кетейік, "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты форум осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бизнесті қорғауға бағытталған алғашқы форум 2016 жылдың шілде айында өткізілген болатын. Форум жұмысына ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов пен "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу