Лифтте 5 жасар балаға шабуылдаған жасөспірімнің анасы полицияға арызданды

Жасөспірімнің анасы "ұлымда дене жарақаты бар" деп дабыл қаққан. 

Лифтте 5 жасар балаға шабуылдаған жасөспірімнің анасы полицияға арызданды Фото: Бейнежазбадан

Астанада баланы пышақтаған жасөспірім қазір психикалық денсаулық орталығында ем алуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аталған жайттың анық-қанығына Астана қаласының психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер-психиатр Алмагүл Айтжанова тоқталып өтті.

– "Ұлым дене жарақатын алды" деген жасөспірімнің анасының өтініші бойынша ауруханаға полиция қызметкері келді. Тәртіп сақшысы бөлімшенің кезекші дәрігері мен медбикенің қатысуымен әңгімелесу және пациентті тексеруден өткізді. Пациенттің денесі анасының қатысуымен және оның келісімімен фото дәлелге түсірілді, – деді ол.

Оның сөзінше, жасөспірімнің терісі таза, тұтас және пациент көрсеткен жерлерде гематома немесе ісіну анықталмаған.

– Жасөспірімнің анасына полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлері жағдайды түсіндіріп, дене жарақаты анықталмағанын хабарлады. Ертең осы жайт бойынша сот-медициналық сараптама жүргізіледі және оның нәтижесі қосымша хабарланады, – деп қоса кетті психиатр.

Психикалық денсаулық сақтау орталығының өкілі аталған мәселе қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында екенін хабарлаған.

Астананың полиция департаменті баланы пышақтаған жасөспірімнің анасынан арыз түскенін растаған.

– Жасөспірімнің дене жарақатын алу фактісі бойынша тексеру жүріп жатыр. Аталған факт Алматы ауданының полиция басқармасында тіркелді, оның нәтижесі бойынша шешім қабылданады, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Бұған дейін лифтіде 5 жастағы балаға шабуылдаған жасөспірімнің қайда екені туралы және оның кіммен бірге тұратынын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу