Ливерпульде атой салған қыздарды алматылықтар құшақ жая қарсы алды

16 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайы ерекше кейіпке енді.  

Ливерпульде атой салған қыздарды алматылықтар құшақ жая қарсы алды Фото: inform.kz

Онда Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатынан оралған Қазақстанның әйелдер құрамасын көпшілік салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның әйелдер құрамасы аталған жарыста медальдар саны бойынша жалпыкомандалық есепте 1-орын алған еді.

Ұшақтан түскен Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Наталья Богданова, Аида Әбікенова, Виктория Графеева және Елдана Тәліпова дәстүр бойынша бауырсақтан ауыз тиіп, қымыздан дәм татты.

26 жастағы әлем чемпионы Наталья Богданова агенттікке ағынан ақтарылып, жарыс туралы айтып берді.

– Бізді қолдайтын, бізге сенетін отандастарымыздың барына қуаныштымыз. Біз сол үшін жаттығып, еліміз үшін жарысқа шығамыз. Чемпионаттағы ең қиын жекпе-жек – жергілікті спортшымен (ағылшын боксшысын айтады) болған кездесу. Оның өз елінде екенін жақсы түсіндік, мен бар күшімді салып, финалға өтуге тырыстым. Және ол менің қолымнан келді, – деді ол.

Құраманың ең атақты спортшысы, 3 дүркін әлем чемпионы, 32 жастағы Назым Қызайбай бұл жолы күміс жүлдемен күптелді. Бірақ, ол мұнымен тоқтап қалмайтынын ескертті.

– Менің басты мақсатым – 2028 жылғы Олимпиадада алтын медаль иелену. Мүмкін, салмақ дәрежесін ауыстыру керек болар. Мен оған дайынмын, бастысы – мақсатқа жету, – деді Назым Қызайбай.

Бұған дейін Елорда әуежайынан бокстан ерлер құрамасын сән-салтанатпен күтіп алғанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу