Лоранс де Кар мұражайдағы бейнебақылау камералары жеткіліксіз екенін айтып, ұрлықтың алдын алмағанына өкініш білдірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Біз Лувр қызметіндегі ең қиын сәтсіздікке тап болып жатырмыз, мен бұл қателіктегі өз үлесімді мойындаймын, – деді ол.
Директор өзінің жұмыстан кету туралы өтініш бергенін, бірақ Мәдениет министрі оны қабылдамағанын да жеткізді.
Лоранс де Кар әйгілі музейдегі қауіпсіздікті күшейту шараларымен таныстырды, оның арасында көлікке қарсы тосқауылдар мен периметрлік қорғанысты күшейту, бүкіл мұражай кешеніндегі бақылау жүйесін кеңейту және жаңғырту бар. Ол Ішкі істер министрлігінен мұражай ішінде полиция бөлімшесін құруды да сұраған.
Еске салайық, Франция президенті Эмманюэль Макрон бұған дейінгі үкімет отырысында Луврдағы қауіпсіздікті жеделдетуді тапсырған-ды. Оған дейін Францияның аудиторлық соты Луврдағы қауіпсіздік шараларының әлсіздігі туралы ескерткен екен.
Бұған дейін атақты музейден құны 88 миллион еуроға бағалаған 8 баға жетпес әшекей бұйымның қолды болғанын жазған едік.