Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов тергеу басталып кеткенін мәлімдеді. Қазір сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.
Ішкі істер министрлігі Қарағандыда ес-түссіз күйде табылған полиция майорының жағдайына байланысты ресми себептер әлі анықталмағанын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, ішкі қауіпсіздік департаменті де тартылды. Сонымен қатар, қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Санжар Әділовтің айтуынша, сот-медициналық сараптамасы қыздың қайтыс болу және полицейдің ес-түссіз болу себебін анықтауы тиіс.
"Аталған қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіледі. Егер аумақтық полиция департаментінің қандай да бір лауазымды тұлғаларының кінәсі дәлелденсе, олар бойынша ең қатаң тәртіптік шаралар қабылданатын болады", – деді министр орынбасары.
Полиция қызметкері дәл қазір ауруханада жатыр.
Айта кетейік, Қарағандыдағы полицияның тірек пункттерінің бірінен әйелдің мәйіті табылды.