Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макрон Твиттер парақшасында өзінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
2023 жылдың 1 қарашасында өткен Қазақстанға ресми сапары аясында, француз көшбасшысы “Твиттер” желісінде қазақша пост жазды.
"Ірі державалар үстемдікке қайта ұмтылған, ал кейбірінен болжауға болмайтын әрекет күткен әлемде жаңа перспективаларды ортақ етуге және бірге құруға болатын серіктестер мен достарға сене алу өте бағалы. Қазақстан мен Франция солардың қатарына кіреді", - делінген Эмманюэль Макронның жазбасында.
Сондай-ақ, француз лидері "Қазақстан мен Франция дәл осындай елдердің қатарында" екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Эмманюэль Макрон қазақстандық жастар туралы да пікірін білдірді.
"Бүгінгі таңда, Қазақстан мен Франция арасында көптеген келісімдер бар. Күрделі мәселелер кезінде ынтымақтастық орнатылды. Міне, біздің жастар! Мен Астанада кездестірген жастар біздің мәдениеттеріміз бен тілдеріміздің арасындағы байланысты нығайтатын достығымызды бейнелейді", - деді Франция Президенті.