Маңғыстау облысында мұнай сервистік компаниясының қызметкерлері жол апатына түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты lada.kz порталына сілтеме жасап.
Порталдың жазуынша, жол апаты 27 қараша күні Қаражанбас-Ақтау тас жолында болған. Мұнай сервистік компаниясы жұмыскерлерін Қаратұрын кен орнындағы вахтаға апара жатқан автобус жылқымен соқтығысқан.
"Оқиға салдарынан төрт қызметкер жарақат алды. Тағы бір адам қатты зардап шегіп, оның екі аяғы сынды. Зардап шеккен адам облыстық ауруханада жатыр", - дейді оқиға куәгерлері.
Полиция автобус жүргізушісі жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда мал иесінің жеке басын анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.