Маңғыстау облысы полиция департаментінің деректері бойынша қайғылы оқиға сағат 07:30-да болған. Бейнеу-Тәжен тасжолында Jac автокөлігі MAN маркалы жүк көлігімен соқтығысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
"Көлікте 10 адам болған. Алтауы оқиға орнында қаза тапқан, зардап шеккен төрт жолаушы Бейнеу орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы орташа дәрежеде. Қажет емді алып жатыр", – деді полиция.
Жол апатына қатысы бар көліктер Өзбекстанда тіркелгені белгілі болды. Жарақат алған және қаза тапқандар – Ресейден келе жатқан Өзбекстан азаматтары.
Аталған дерекке қатысты соталды тергеу басталды.
"Болған жайт туралы Өзбекстанның Ақтаудағы бас консулдығына хабарланды", – деді ведомство өкілі.