Маңғыстаудағы автобус апаты: жол қызметінің басшысы кінәлі деп танылды

266

Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық соты бес адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Маңғыстаудағы автобус апаты: жол қызметінің басшысы кінәлі деп танылды Фото: Көлік министрлігі

Жол апаты 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар "Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау" тасжолында болған.

Көктайғақ салдарынан Yutong маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Оқиға салдарынан бес адам көз жұмып, тағы 14 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алған.

Қылмыстық істі Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді. Тергеу барысында жолдың қыс мезгілінде талапқа сай күтіп ұсталмауы қайғылы оқиғаның негізгі себептерінің бірі болғаны анықталды. Сондай-ақ жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен ауыр зардаптың арасында тікелей себептік байланыс бары дәлелденді.

Бұл іс Қазақстанның құқық қолдану тәжірибесінде жолды қысқы кезеңде тиісті деңгейде күтіп ұстамаудың салдарынан адам өлімі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы жағдай ретінде тіркелді.

Сот "КАЖСервис" ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану бөлімшесінің басшысын ҚР Қылмыстық кодексінің 353-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу