Маңғыстаудағы қуаңшылық: Жемшөп сатып алуға 204 млн теңге бөлінді

3270

Өңірде қуаңшылықтан мал қырылып жатыр.  

Маңғыстаудағы қуаңшылық: Жемшөп сатып алуға 204 млн теңге бөлінді

Маңғыстау облысына жемшөп сатып алуға және жеткізуге 204 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Ауыл шаруашылы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Директор Маңғыстауда қуаңшылықтан малдың қырылуына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. Жұмыс тобы 26-30 мамыр аралығында барлық ауданды аралап, жағдайды бақылауға алған.

"Жедел шаралар қабылдау үшін әкімшілік деңгейде арнайы штаб құрылды. Негізгі мақсат – малдың қырылуы мен спекулятивті жағдайды болдырмау. Сондықтан өңірге жемшөп жеткізу керек", - деді Еркебұлан Ахметов.

Ол жемшөп Ақтөбеден жеткізілетінін атап өтті.

"Маңғыстау мен Ақтөбе облысының әкімдіктері арасында меморандум жасалды. Қобда, Байғанин және Темір аудандарынан шабындық жерлер анықталды. Мұндағы шөп шабылып, маңғыстаулық фермерлерге жеткізіледі", - деді директор.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа 204 млн теңге бөлінген.

"Қазіргі таңда "Каспий" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 204 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы жемшөпті сатып-алу, тасымалдау мәселесін шешуге бағытталады. Оның ішінде

54 млн теңгеге 634 тонна арпа сатып алынады. Бұл қаржы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы бөлінеді. Келесі аптаға дейін арпаны теміржолмен жеткізу мәселесін қарастырып жатырмыз", деді Еркебұлан Ахметов.

Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстауда қуаңшылықтан 536 бас жылқы қырылғаны хабарланған еді.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу