Маңғыстаудағы "Си Бу" жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етуде

1626

Бұған дейін оларға сыйақы ретінде 3800 теңге төленген.

Маңғыстаудағы  "Си Бу" жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етуде

Ақтаудағы "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы" ЖШС жұмысшылары араға бірнеше күн салып бүгін тағы ереуілге шықты. Бұған дейін олар 15 қаңтар күні шу шығарған еді. Айтуларынша, жұмысшылардың жалақысы соңғы төрт жылда мүлдем өспеген, сөйтіп, қазіргі күні 100 мың теңгеге де бірде жетіп, бірде жетпейді. Осындай жағдайда басшылықтың жыл соңындағы сыйақы деп 3800 теңгеден беруі олардың одан әрі наразылығын тудырған. Мұны "мазақ ету" деп бағалап отырғандар да бар.

Қазіргі күні "Си Бу" жұмысшылары жұмыс берушілерге жалақыны 200 мың теңгеге дейін көтеру, мереке күндері берілетін сыйақыны 70 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру, "он үшінші жалақыны" аудару, жұмыс тоқтап тұрған кезде жалақының 50 пайызын төлеу, қысқарту жүрген жағдайда алғашқы кезекте Қытай елінің азаматтарын қысқарту, талаптар орындалмаған жағдайда "Си Бу" ЖШС-ын банкрот деп жариялау жөніндегі талаптарын қойып отыр. 

Белгілі болғандай, былтыр пандемия кезінде жұмыс көлемі азайып, тоқтап тұр деген желеумен жұмысшыларға жалақы төленбеген. Олардың алып жүрген жалақыларының жартысын төлеу жөніндегі өтініші біразға дейін қанағаттандырылмаған.

"Ол кезде бұл компаниядан 65 адам шағымданған. Біз олардың басшылығының еңбекақыны қайта есептеп, жұмысшыларына төленбеген қаражатты аударуын талап еттік. Компания өкілдері сотқа шағымданғанмен, сот олардың шағымын қараудан бас тартты. Сөйтіп, арызданған 65 адамға ақша төленді, ал қазір біз 230 адамның талап-арызын қарап жатырмыз", - дейді МО еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нұралы Баулыбаев.

Өз кезегінде "XIBO" инженерлік-бұрғылау компаниясы" ЖШС директорының міндетін уақытша атқарушы Ли У Цы "Өткен жылы пандемия кесірінен жұмыс көлемі аз, шығынымыз көп болды, тіпті, маска мен қолғапқа дейін сатып алдық, қазір кейбір мекемелерге берешегіміз бар", - деп ақталады. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу