Маңғыстаулық 600 ірі шаруа қожалығы мен 6 мың адамға қаржылай қолдау көрсетілді

805

Қайтарымсыз қаражат төрт түліктің аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге берілуде. 

Маңғыстаулық 600 ірі шаруа қожалығы мен 6 мың адамға қаржылай қолдау көрсетілді

Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін Үкіметтен 1,9 млрд теңге бөлінді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Қазір бөлінген қаражаттың 57%-ы игерілді, яғни 5900 жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 745 млн. теңге және 575 шаруа қожалығына 395 млн. теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың мәліметінше, жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, "Каспий" ӘКК АҚ-ы арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар шөп тасымалдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін 1350 тонна шөп сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен тағы 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 950 тонна арпа жеткізді. Қазіргі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға қосымша 1 мың тонна мал азығын сатып алу ұйымдастырылады. Сонымен қатар 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сортты бидай сатып алынды. Өнім жақын күндері өңірге жеткізіледі.

Жалпы жыл басынан бері облысқа 41 500 тонна шөп тасымалданған. Соның 3500 тоннасы өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді. Ал өңірге тасымалданған жем көлемі 24 мың тоннаны құрайды.  

Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелмеген малға мемлекет тарапынан субсидия немесе қолдау көрсетілмейтіні ашық айтылды.

Ресми деректерге сүйенсек, қазір өңірде 636 824 бас мал тіркелген. Оның ішінде өлгені 1163. Өлген малдың 194-і ғана ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары ауа ылғалдылығына арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде өңірде төтенше жағдай жариялау шарттарына сәйкес келмеді. Сондай-ақ жануарлар арасында улану мен жұқпалы ауруға шалдығу дерегі тіркелмеді және өсімдіктер зиянкестерден зақымданбаған, яғни төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ деген шешімге келді мамандар.

Қазір өңірде қысқы мал азығының қорын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

2021-2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның 1,9 млрд. теңгесі шөпке, ал 3,4 млрд. теңгесі жемге жұмсалады. Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп, 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарлануда.

Қазір мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып аталған қаржының 600 млн теңгесіне өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сатады.   

Сонымен қатар Маңғыстау жерінде шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл аяғына дейін 15 мың тонна қор дайындамақ.

Алмас Қылыш

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу